Батыс Қазақстанда 800-ге жуық адам эвакуациялық орталықтарда тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 800-ге жуық адам эвакуациялық орталықтарда тұрып жатыр

01.04.2024

Батыс Қазақстан облысында 800-ге жуық адам эвакуациялық орталықтарда тұрып жатыр. Қазір он елдімекенмен көлік қатынасы үзілді. Олардың дені Қаратөбе ауданында. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қазір біз облыс орталығы Оралдан 250 шақырым қашықтағы Қаратөбе ауданындамыз. Мұнда өзендер тасып, көпір бұзылып, 8 елдімекенге қатынас үзілген. Мінекей, аудан орталығына апарар жалғыз кіреберіс жолды да су шайып жатыр. Айнала - көл-көсір су.

Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылы тұтас су ортасында қалды. Ауылдағы 105 үйге су кіріп, 400-дей адам мектепке көшірілді. Кейін тұрғындар екі тікұшақпен Қаратөбе ауылына эвакуацияланды. Қазір мектеп-гимназияда 174 адам тұрып жатыр. Олар ыстық тамақ, жатар орынмен қамтылған.

Қайырбек Сисенғалиев, Қоржын ауылының тұрғыны:

Ауылымызға су тасып, алдында вертөлетпен әкелді. Екі күн болды келгенімізге. Үйіміз суға кетіп қалды. Жолдасым ІІ топ мүгедегі. Анам І топта, арбада отыр. Бәрін қолыма алып, осы Қаратөбеден бір үй берсе деп едім.

Ал мына құтқарушылар мұздай суда жаяу жүріп, белден су кешіп, күндіз-түні көліктерге жол көрсетті. Өйткені, аудан орталығына апарар жолды терең су басқан. Барып келу 6 шақырым. Бұл мықтылар - қалалық 8 өрт сөндіру бөлімі мен ауылдағы өрт сөндіру бекетінің мамандары.

Манарбек Сұлтанов, №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

Мында енді су деңгейі түсті қазір. Ол кезде үш шақырымдай болды су. Жүрдік жаяу. Қиындық басында болды. Мұз көп болды. Былай тоңған жоқпыз. Костюм су өткізбейді. Ішінде жылы киім бар ғой.

Соңғы күндері аймақтағы Үшағаш, Үшана, Қалдығайты ауылдарына да қауіп төніп, тұрғындар ауыл мектептеріне көшірілді.

Мұхтар Шайжанов, Қаратөбе ауданы әкімнің орынбасары:

Шығынды есептеу үшін комиссия құрылды. Қазір Қоржын ауылына қатынастың болмауы салдарынан бару мүмкіндігі жоқ. Алайда алдағы уақытта мүмкіндікті қарастырып, барлық шығын есептеледі.

Аймақта Шаған, Деркөл, Елек өзендерінде су деңгейі көтеріліп, елді мекендер мен қаладағы саяжайларға қауіп төндіріп тұр. Тасқынмен күреске мыңға жуық адам мен 200-ден астам техника жұмылдырылды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу