Тасқын судан зардап шеккен азаматтардың несие төлемі кейінге шегеріледі. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, 30 маусымға дейін клиенттерге ешқандай айыппұл салынбайды, өсім жүрмейді. Жеңілдікті шағын және орта бизнес өкілдері де пайдалана алады. Толық ақпаратты қаржы ұйымдары жақын күндері өз сайттарында жарияламақ. «Қазақстан халқына» қоры қиындыққа тап болған ел тұрғындарына 5 млрд теңге аударады. Қаржы тұрғын үй салуға жұмсалады. Бұл шамамен 200 жаңа баспана салуға жетеді. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерге «Halyk» тобы 1 млрд, Болат Өтемұратовтың қоры 680 млн теңге бөледі. Еліміздегі ірі көлік компаниясы 500, танымал банк 120 млн теңге аудармақ. «Бұл сома апат кесірінен баспанасынан, бар жиған-тергенінен айырылған отбасылардың қайта аяққа тұруына сеп болады деп үміттенеміз», - дейді компания өкілдері.
Қуан Нұрақын