Париж Олимпиадасына арналған киім үлгісі таңдалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж Олимпиадасына арналған киім үлгісі таңдалып жатыр

30.03.2024

Париж Олимпиадасына арналған киім үлгісіне дауыс беру аяқталуға жақын. Дәл қазір сіз бен біз алты түрлі дизайнер ұсынып отырған эскиздермен танысып, таңдау жасауға атсалыса аламыз. Ол үшін Спортты дамыту дирекциясының сайтына кіру керек. Сонымен олимпиадалық киім үлгісі бұл жолы қандай болуы мүмкін? Париждегі дүбірлі додада атлеттеріміз қай спорт түрлері бойынша тұңғыш рет өнер көрсетпек?

Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:


Мен қазір Олимпиадаға арналған үздік киім үлгісін таңдамақпын. Ол үшін Спортты дамыту дирекциясының сайтына өтіп, алты түрлі дизайнер дайындаған жұмыстармен танысамын.

Конкурсқа қатысып жатқан әрбір үміткер парадқа да, спорттық сайыстарға да арнап бірнеше киім үлгісін ұсынған. Сондықтан мұнда дизайнерге дауыс берумен қоса, нақты қай киім үлгісі көңіліңізден шыққанын көрсету маңызды.

Мергендер олимпиадада алғаш рет өнер көрсетеді

Киім-кешек дайындығынан Олимпиада ойындарында алғаш рет қарым-қабілетімізді байқап көретін спорт түрлеріне ойыссақ. Нысана көздеуден қазір ел қоржынында 5 жолдама бар. Оны Ислам Сәтпаев, Александра Ле, Никита Чирюкин, Арина Алтухова мен Константин Малиновский жеңіп алған.

Константин Малиновский, нысана көздеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Мен үшін бұл алғашқы Олимпиада. Жаттығуларда олимпиадалық дисциплиналарға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Яғни мылтық пен тапаншадан үш түрлі позицияда, үш түрлі қашықтықтан ату.

Арина Алтухова, нысана көздеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Кәдімгі жұмыс күні сияқты 8 сағаттан дайындық жүргізіп жатырмыз. Мен өзім 50 мен 10 метрлік қашықтықтан нысана көздеуге ден қойып жатырмын. Себебі осы дисциплиналар бойынша алтын алуға ниеттімін.

Сәуірдің 11-20 аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында нысана көздеуден шешуші лицензиялық Әлем Кубогының кезеңі өтеді. Жарысқа барлығы 10 спортшы барады. Қазір Шымкентте дайындық жұмыстары пысықталып жатыр.

Ольга Довгун, нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері:

Олимпиадаға дейін тағы 2 лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Бұл оңай болмасы анық. Өйткені осыған дейін жолдама ала алмаған кіл мықтылар Бразилияда бақ сынайды.

Тарихи нәтиже көрсеткен семсерлесушілер олимпиадаға барады

Тарихи жетістік. Қазақстандық семсерлесу шеберлері әлем кубогындағы нәтижесінің арқасында Олимпиада жүлдесіне қол созбақ. Бұл жарыста Қазақстанның басты қарсыласы саналған Оңтүстік Корея күтпеген жерден Чехия құрамасына жол берді. Нәтижесінде, біздің жігіттер 26 ұпай алға шықты. Соның арқасында, ұлттық құрама әлемдік рейтингтегі алдыңғы 4 топ қатарына қосылып, соңғы командалық жолдаманы иемденді.

Ерлік Сертай, семсерлесу бойынша ерлер құрамасының мүшесі:

Оның артықшылығы мен ерекшелігі неде? Мысалы, индивидуалдық лицензия болса, сен онда бір-ақ медаль алуға мүмкіндігің бар. Ал егер командамен түссең, сенде 7 медаль алуға мүмкіндік бар. Ол үш медаль индивидуальный и 4 медаль командалық.

Бүгінде Ұлттық құрама қоржынындағы жолдама саны 31-ге жетті. Ең көп лицензия боксшыларымыздың еншісінде, оның саны – 7. Ал 4-5 лицензиядан қанжығалаған атлеттер арасында нысана көздеу және садақ ату шеберлері, семсерлесушілер бар. Бүгінде ұзын саны 11 спорт түрі бойынша жолдама жеңіп алдық. Париж Олимпиадасына Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды көздейді. Яғни, жолдаманың жалпы саны 70-тен асуы мүмкін.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу