Елімізде суды үнемдеу үшін жол картасы әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде суды үнемдеу үшін жол картасы әзірленеді

29.03.2024

Елімізде жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген су шаруашылықтары бар. 400 мыңдай адам орталықтандырылған су желісіне қол жеткізе алмай келеді. Өзекті мәселе бүгін Түркістанда Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Парламенттік комиссияның бесінші отырысында талқыланды. 

2026 жылға дейін елдімекендерді таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету қажет. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Қазір, ауылдық жерлерде тіршілік нәрі тапшы. Елдімекендерде бар болғанның өзінде судың қоры азайып, сапасы нашарлап кеткен. Кейбір ұңғымалар ескіріп, құбырлар тозған. Жергілікті биліктің ендігі міндеті осы мәселелерді біртіндеп шешу деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміздің осы тапсырмасын орындауға баса мән беру қажет. Көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Арнайы техникаларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңартуды қажет етеді. Тағы бір өзекті мәселе су сапасының нашарлауы. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана құрайды.

Трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктер әлі қалыптаспаған. Жасалған келісімдер мен бекітілген кестеге қарамастан, кейбір облыстар тиісті су көлемін ала алмай келеді. Еліміздегі 8 су шаруашылық бассейнінің 7-уі трансшекаралық аймақта орналасқандықтан көрші мемлекеттермен санасуға тура келеді деді Су ресурстары және ирригация министрі. Бірақ соған қарамастан тіршілік нәрін үнемдеу үшін алдығ үш жылға жол картасын әзірлеп жатыр. жаңадан қабылданатын Су кодексінің арқасында біраз мәселе шешілуі тиіс.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ең негізгісі судың қорларын дұрыс пайдалану,экономикаға пайдалану тетіктерін анықтайтын нормалар енгізілетін болады. Сол сияқты нәрселер өте көп. Осы су кодексі болашақта біздің жалпы су шаруашылығын реттеуге өзінің үлесін қосады ғой деп ойлаймыз.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда міндеттеген бастамаларға тоқталды.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу