Алматыда қатты дауылдан тұрғын үйлер мен мектептердің шатырына зақым келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қатты дауылдан тұрғын үйлер мен мектептердің шатырына зақым келді

29.03.2024

Алматыда кешегі дауылдан кейін қалпына келтур жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екпіндей соққан желден қалада 26 ағаш құлаған. Тұрғын үйлер мен мектептердің шатырына зақым келіп, бір баспанаға найзағай түскен.

Алматыда нөсер жауын басталғанда Асхат Қыстаубаевтың баспанасына найзағай түсіп, ғимарат лаулап жана бастаған. Үйде әйелі мен бала-шағасы болған. Абырой болғанда жақындары дер кезінде сыртқа қашып үлгеріпті.

Асхат Қыстаубаев, «Ұлжан» ықшам ауданының тұрғыны:

Менде сол кезде қалада жүргем. Аяқ асты ақырзаман болғандай қараңғы, алай-дүлей болып кетті ғой.Сольекі ортада әйелім звондай қалды осындай жағдай болды деп. Көрші-қолаңдар көрген найзағай түсті деп. Жүгірген. Аяқ асты демде жанып кеткен ғой бәрі. 2011 жылы салып кіргенбіз ғой.

Табиғат апатынан өртеніп кеткен үйді жөндеуге әкімдік көмектесе ме ол жағы әзірге белгісіз. Ал дүлей дауылдың екпініне төтеп бере алмаған 26 ағаш құлаған. Коммуналлық қызмет түнімен тынбай, бәрін жинап тастады. Секундына 24 метрге дейін жеткен жел жаяу жүргіншілер өткеліндегі жабындылдарды да ұшырып әкеткен.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қатты ұйытқыған жел 1988 жылы пайдалануға берілген мына мектептің шатырын ұшырып әкеткен. Абырой болғанда метал конструкциялар жерге құлағанда мектеп аумағында ешкім болмаған. Қала әкімдігі нысанда келер дүйсенбіге дейін қайта қалпына келтіреміз деп отыр.

Дауыл салдарынан ондаған ықшам аудан мен бірнеше көше жарықсыз қалды. Электр қуаты 3-4 сағат ішінде қалпына келтірілді. Тұрғындар табиғаттың мұндай тосын мінезінен шошып қалғандарын айтады.

Нөсер жауын салдарынан 40-қа жуық учаскеге су жайылған. Мамандар таңға дейін барлығын тазалап, сыртқа шығарып үлгерген. Қазір Алматыда жағдай қалыпты. Барлық әлеуметтік нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер жоқ.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу