Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстандағы ахуал: Құтқарушылардың арқасында тұрғындар зардап шекпеді

Батыс Қазақстандағы ахуал: Құтқарушылардың арқасында тұрғындар зардап шекпеді

Батыс Қазақстан облысында тасқын салдарымен күрес күшейді. Өңірде қала мен төрт ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мәселен, Сырым ауданында үш ауылға су кіріп, 1300 адам эвакуацияланды. Бес ауылда жарық пен ұялы байланыс үзілген еді. Қазіргі жағдай қалай? Әріптесім Ардақ Мұратқызы көріп қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Тасқын кезінде ауыл іргесіндегі мына Өлеңті өзені арнасынан асып, су деңгейі 6 метрден асқан. Тіпті қауіпті деңгей 490 сантиметрді көрсетіп тұрған гидробекет те су астында қалды. Сырымдықтардың айтуынша, соңғы 60 жылда мұндай табиғи апат болмаған.

Ағысы дес бермеген өзенге жауын-шашын, қарғын су қосылып, ондаған үйге су жайылған. Салынғанына үш жыл болған мына үйдің де іргесі шөгіп, қабырғасы құлағалы тұр.

Едіге Серікқалиев, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Қаладан келе жаттым со кезде. 15 минут уақытта келгенде су келіп, бәрі кетіп қалған. Балаларды шығарып үлгерген көршілер көмектесіп. 4 баламыз бар. Үй қазір тұруға жарамсыз. Тастары үгіліп тұр.

Жағаға тау-тау боп шығып қалған сең де қоражайды бұзып, үйлерге қауіп төндірді. Ел-жұрт, ең әуелі сын сағатта сыр бермеген құтқарушыларға риза. Бес күннен бері күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, бел шешпестен жұмыс істеді. Белуардан су кешіп, қайықпен де, жаяу да халықты құтқарды деседі.

Қанат Галиев, өрт сөндіруші, құтқарушы:

Су деген белден жоғары асып кетті. Кеудеге дейін келді. Мүгедектер, әр түрлі жастағы балалар, айлық сәбилер - бәрін құтқардық. Арқалап та, носилкамен де, қайықпен де өзіміз кіріп, алып шықтық.

Эвакуацияланған адамдар бірден мектепке орналастырылды. Қазір көбі үй-жайын қарауға кеткен. Ыстық тамақ, жатар орынмен қамтылған.

Айдана Бисенғалиева, ауыл тұрғыны:

Сырым аудандық төтенше жағдайлар және өртке қарсы күрес қызметі бізді осы мектепке көшірді. Ерекше алғысымызды білдіреміз. Қауіпсіз жердеміз бала-шағамызбен.

Жұмазия Жансейітова, ауыл тұрғыны:

Халыққа көмектесіп жатыр. Бала-шаға, көршілер бәрі. Сосын мына мектеп ұжымы, шыны керек, мақтағаным емес. Ауыл қыздары ғой. Дымдары қалмай көмектесіп жатыр. Тамақ жағын да, үйімнен артық тамақ беріп, жақсы тәрбиелеп жатыр.

Шығынды анықтау үшін комиссия құрылды

Қазір өзен деңгейі түсті. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Шығынды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Жұмагелді Батырниязов, Сырым ауданының әкімі:

Өлеңті, Жымпиты ауылдарында 216 үйдің тұрғыны эвакуацияланды. Бұлдыртыда да бар, барлығы 1327 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Кеше кеште бүкіл ауылға жарық берілді.

Аймақта 455 үй су астында қалды. Қазір өзендерде су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіріп тұр.

Бөлісу