Қазақстан мен Қытай жасыл энергетика саласында бірлескен жобалар жүзеге асырмақ. Президент Қытайға жұмыс сапары аясында осы елдің жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Олар құны миллиард доллардан асатын станциялар салмақ. Қазақстанда арнайы жабдықтар өндіретін зауыт соғу да жоспарланып отыр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қытайға сапарының алғашқы күнінде Президент халықаралық ұйым өкілдерімен кездессе, бүгін іскерлік ортамен инвестициялық жобалар талқыланды. Басымдық баламалы қуат көздерін өндіру саласындағы әріптестікке беріліп отыр. Қазірдің өзінде табысты жүзеге асқан жобалар бар. Чайна Поуэр холдингі Жаңатаста жел, Қарағандыда күн станциясын салған. Енді тағы бірнеше жоба жүзеге аспақ. Инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ доллары.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық – Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
СПИК компаниясы және Чайна Поуер Инвестмент компанияларымен кездестік. Қазіргі таңда біз қуаттылығы СПИК компаниясымен 1 ГВТ жел электр станциясын жүзеге асырудамыз. 500 мвт Жамбыл облысында, 500 мвт Павлодар облысы Екібастұз қаласында.
Бұл жобаларға тағы бір қытайдың алпауыты «Сани груп» бірлестігі атсалыспақ. Ол станцияларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ынта танытып отыр. Оны тек жеткізіп қана қоймай Қазақстанда өндіретін зауыт салу үшін инвестиция құюға әзір.
Сян Вэньбо, SANY GROUP CO. LTD директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз биыл «Самұрық-Қазынамен» бірге Қазақстанда энергетика саласында жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Ол жел электр станциясы болмақ. Жазда құрылысы басталады. Қазақстанға қажет техниканы жеткізе аламыз. Зауыт ашу да жоспарда бар.
Қытай баламалы қуат өндіру бойынша әлемде көшбасшы. Ал, Қазақстан 2030 жылға қарай оның үлесін 15 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Сондықтан да бұл серіктестік қос тарапқа да тиімді болмақ. Бұдан бөлек Қазақстанда ауыр техника және оның жабдықтарын өндіретін зауыт салынуы мүмкін. Оны да Сани груп компаниясы жүзеге асырмақ. Ол Қытайдың машина жасау нарығындағы алыптардың бірі. Қазақстан әріптестікті тереңдетуге мүдделі деді Президент.
Шерхан Жамбылұлы