Орал қаласында тасқынға байланысты тұрғындарға ескерту жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласында тасқынға байланысты тұрғындарға ескерту жарияланды

29.03.2024

Орал қаласының әкімдігі тұрғындарға құжаттарын алып, су тасқынына дайын отыруды ескертті. Өйткені өңірдегі трансшекаралық өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Ресми ескертуде дәрі-дәрмек, азық-түлік, су қорын және алғашқы көмек жинағын сайлап, эвакуациялық орынға баруға кеңес берілген. Қала бойынша қазір осындай үш бекет жұмыс істеп тұр. Бүгін түнде 112 құтқару қызметінен Деркөл өзенінің тасу қаупі жайлы дауылды ескерту берілді. Бастауын Ресейден алатын Шаған, Деркөл, Жайық өзендерін бақылап отырған «Қазсушар» мамандарының мәліметінше, алдағы күндері су деңгейі көтеріліп, қауіпті шектен асуы мүмкін. Айта кетейік, өңірде қала мен 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мыңға жуық адам эвакуацияланды. Зардап шеккендерге көмек қолын созу үшін Ақжайық қорының есеп-шоты ашылды.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

Біз үнемі Орынбор облысы су ресурстары бөлімімен хабардармыз. Олардың хабарлауынша, Шаған өзені Сергеевка гидропостында бір тәулікте 3 метрге көтерілді деген хабар келді. Ол су Оралға 2 жарым тәулікте келіп қалуы мүмкін. Деркөлден де мол су келіп жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу