Батыс Қазақстанда тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланып жатыр

28.03.2024

Батыс Қазақстан облысында 432 тұрғын үйге су жайылды. Әсіресе, Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі. Қарғын су ортасында қалған Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылының 350 тұрғыны Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен аудан орталығына жеткізілді. Ал Алматыдан шыққан 50 әскери қызметкер жарықсыз, жылусыз қалған Сырым ауданының Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті ауылдарына көмекке жетті. Өлеңті өзені арнасынан асып, әрі оған даладан келген еріген қар суы қосылып, ауылдарды, электр стансасын су басты. Салдарынан 5 елді мекен жарықсыз, ұялы байланыссыз қалды. Қазір апат орны қалпына келтіріліп жатыр. Су басқан үйлердің 265 тұрғыны аудан орталығындағы мектеп пен дене шынықтыру-сауықтыру орталығына орналастырылды.

Жалпы өңірде 663 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Орал қаласы мен Қаратөбе, Теректі, Сырым және Бөрлі аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Сағидолла Темірбеков, Қоржын ауылының тұрғыны

Қаратөбе ауданы Аққозы ауылы түгел суға кетіп қалды. Көптеген азаматтар халықты құтқарып жатыр. Біз оларға көп-көп рахмет айтамыз. Үлкен кісілер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сәбилер бірге келіп қалдық. Былтыр да тасқын болып еді. Биыл екі есе жағдайда болды. Халық қиналып жатыр.

Тұрғындарға көмек көрсетті

Ал «Аmanat» партиясының облыстық филиалы апаттан зардап шеккен жерлестеріне көмек қолын созды. Партиялықтар бір күндік жалақысын аударып, гуманитарлық көмек жинады. Бірінші легі Қаратөбе ауданы орталығына жеткізіледі.

Азамат Сафималиев, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

Таңнан бастап қазір 5 миллион теңгедей қаражат жиналды. Кішкентай балаларымызға, үлкен ересек азаматтарымызға жылы киімдер, резина етіктер, хозтоварлар, бір Газель азық-түлік кетіп бара жатыр.

Үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының үш ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Қобда, Мұғалжар және Темірде жағдай қиын. Өңірде 16 елді мекенге қатынас жоқ. 130-дан астам үй суға кеткен.

Хабарламаларға жазылу