Ақтөбе әуежайының жұмысы қайта жанданды. Кеше әуе айлағының ұшу жолағына қарғын су жайылып, 14 рейс кейінге шегерілген еді. Құтқарушылар күні бойы су сору жұмыстарын жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен Ақтөбе-Үшқұдық бағытындағы жол жырылып, еріген қар суы Сазды өзеніне қарай бағытталды.
Маңғыстау мен Алматыдан көмек жіберілді
Тасқынмен арпалысып жатқан Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысынан төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары көмекке жіберілді. Сондай-ақ Алматыдан Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері аттанды. Олар қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жолға шықты. Орал қаласы мен Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жариялау туралы шешім шықты. Өлеңті, Шыңғырлау, Шежін-2 өзендерінде су деңгейі көтеріліп, елдімекендерге қауіп төнді. Бөрлі-Ақсай-Жымпиты және Ақсай-Шыңғырлау тасжолдары жабылды.
Ардақ Мұратқызы