Әз-Наурыз Астанада дүбірлетіп тойланды. Наурыздың 21-і мен 25-і аралығында Болашақ энергиясы мұражайындағы концерттік бағдарламаны 30 мың мейман тамашалаған. Бұған музейге кіру билеті 50 пайыздық жеңілдікпен сатылуы сеп болса керек. «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен өткен EXPO аумағындағы Наурыз-думан қалай өтті, кімдер өнер көрсетті? Толығырақ тілші материалында.
Ұлыстың Ұлы күнін EXPO аумағында тойлауға ағылған жұртшылық «Болашақ энергиясы» мұражайында мазмұнды мәдени, ойын-сауық бағдарламасын тамашалаудан бастады. Айтыскерлер, этно-ансамбльдер мен театр труппаларының өнеріне куә болған көрермен қатарында шетел азаматтары көп болды.
Нуртилек Орозалиев, Бішкектен келген мейман:
Ұлттық мейрамға ерекше көңіл бөліп жатқандарыңызға тәнті болдым. Ән тыңдап, би тамашалап, жырларыңызға сусындадым. Тамаша көңіл күй сыйлағандарыңызға көп рахмет!
Колин Гард, АҚШ Елшілігінің білім және мәдениет атташесі:
Бұл – біздің бірінші Наурызымыз. Түске дейін мұражайдағы қызықтарды көріп, түстен кейін сыртта алтыбақан теуіп, садақ атсақ па дейміз.
Осынау EXPO аумағын түгел қамтитын мерекелік іс-шараны «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Мақсат – халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен қоса, креативті индустрияны дамытуға үлес қосу, - дейді ұйымдастырушылар.
Гүлжан Сергебаева, «Qazexpocongress» ҰК баспасөз хатшысы:
Қолөнершілер, шеберлер өз қолдан жасалған бұйымдарын көрсетіп жатыр. Мұның барлығы – креативті индустрияны, салт-дәстүрді жаңғырту, ілгерілету мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың бірқатары.
Ауқымды іс-шара аясында EXPO халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» жәрмеңкесі де өтті. Наурыздың 21-23 аралығында оған 90 мыңнан астам адам келіп, сауда көркін қыздырды.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Түркия, Иран, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да шет елдердің үздік шеберлері мен қолөнершілері қатысқан көрмеде азық-түлік, тоқыма бұйымдары және тағы да басқа түрлі тауарлар арнайы мерекелік бағамен саудаланды.
Қаракөз Тұрмағанбет