Оралда бірнеше үй мен аулаға қарғын су кірді. Ал Зачаган кентінде ауызсу жоқ.
Жалпы шаһарда судың қысымы түсті. Өйткені кәріз коллекторлары еріген қар суына толып, көпқабатты үйлердің жертөлесіне су жайылды. Су басу қаупі туралы облыстық штабқа бір тәулікте 700-ден астам өтініш түскен. Әсіресе, Зачаган, Деркөл кенттері мен Ескі әуежай, Екінші жұмысшы шағын аудандарында қауіп жоғары.
Қазір облыс бойынша көше мен ауладағы суды сорып шығаруға 190 техника, 130 мотопомпа мен 700-ден астам адам жұмылдырылған. Алайда қалада коммуналдық қызмет мамандары аулалардан суды сорып үлгере алмай жатыр. Бұған толассыз жауған нөсер жауын да әсер етті. Арықтар мен ағын суды қала сыртындағы көлге апарып құятын су арнасы да суға толды. Аймақта аудандық маңыздағы бес тасжолды су шайып өтті. Ауа райын болжаушылар алдағы екі күнде де жауын-шашын, күшті жел болатынын ескертті.
Ләззат Бисенғалиева, қала тұрғыны:
Осы үйге су кіргеніне төртінші күн. Бүгін қатты кетіп тұр. Алдыңғы күндері мына 2-3 бөлме кетіп еді, енді бүгін жалпы кетіп жатыр. Түнімен осы судың ортасында жатып шықтық диванда. Үйіміздің орнына қайтадан үй тұрғызып берсін. Мынаны бұзып, қайтадан іргетасын биік етіп, арықтырды түзетуі керек.. Мен соны талап етемін.
Жолды 15 жерден су бұзды
Қостанай облысының оңтүстігінде еріген қар суының салдарынан қатынас қиындады. Амангелді ауданындағы Үрпек-Қабырға бағытында жол ми батпаққа айналған. Соның салдарынан бүгіннен бастап Қабырға ауылымен қатынас үзіледі. Ауыл әкімі осылай деп отыр. Жангелдин ауданындағы Торғай-Ақшығанақ бағытында көтерме жолдың бірнеше бөлігін су басқан. Алайда көліктер әлі жүріп жатыр. Ал осы аудандағы Шұбалаң – Ақкөл бағытын ағын су 15 жерден бұзып кеткен. Енді бүгіннен бастап Ақкөл және Байтұрсынов ауылдарына жеңіл көліктер жүре алмайды.