Шығыста жаңадан құрылған Марқакөл ауданы ұялы байланыс пен интернеттің игілігін көре алмай отыр. Кейбір ауылдарда қыста жол апталап, тіпті айлап жабылады. Ондай кезде халық сыртпен мүлде байланыссыз қалады. Ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек керек болған жағдайда сол жердегі шекара қызметінің көмегіне жүгінеді. Ал облыстағы осы салаға жауапты басқарма басшылары Марқакөл өңірі интернетке 2027 жылы ғана толық қосылатынын айтады.
Төсқайың орта мектебі ұстаздарының уақты интернетті аңдумен өтеді. Бұл ауылда қыста екі күннің бірінде сабақ онлайн болады. Өйткені кейде сақылдаған сары аяздың күші -50 градусқа дейін жетеді. Тек биылдың өзінде оқушылар 1 айдан аса қашықтан оқыды. Алайда интернеттің нашарлығынан ұстаздар дұрыс тапсырма да бере алмайды.
Жанар Аққұбаева, бастауыш сынып мұғалімі:
Балаларға біз үй тапсырмасын ватсаппен жібереміз. Бірақ ол интернет жаман істеп тұрғаннан кейін кейде жетпей қалады. Сол үшін балаларға телефон соғып айтып береміз. Кейбір балаларда телефон да жоқ.
Мектептегі жетпіс оқушының он беске жуығы ескі интернатта тұрғанмен, интернет жоқ. Информатика кабинеті болғанымен, шәкірттер оның пайдасын дұрыс көре алмай келеді.
Гүлназ Сағанақова, Төсқайың орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
Мұғалімдердің күнделікке кіруі қиын. Толтыру пайызымыз төмендеп кетеді. Енді ол аудан болғаннан кейін бізден есеп сұрап отырады. Бар мектепке қатысты болғаннан кейін біз оны толтыруға тырысамыз. Бірақ ең төменгі пайыз көрсетіп отырамыз. Құжат бойынша 4G деп айтады. Бірақ сол 4G емес, 2 G-мен жұмыс істеп отырған сияқтымыз. Неше түрлі дыбыстар шығарады. Байланыс та әлсіз, интернет желісі де әлсіз.
Интернет желісі Төсқайыңда ғана әлсіз емес. Шекараның шебіндегі Шанағаты, Балықтыбұлақта, тіпті ұялы байланыс атымен жоқ. Ал аудан орталығы Марқакөлдің өзінде интернет бірде бар, бірде жоқ. Есесіне, көрші елдің байланысы сайрап тұр.
Жандос Мүфтиев, Марқакөл ауылының тұрғыны:
Біздікі нашар болып ұстамайтын болғаннан кейін Қытайдың компаниясы мықты болып тұр. Бізге келген кезде телефондарыңызды байқасаңыздар «Қытайға қош келдіңіздер деген» хабарлама шығады.
Марқакөл ауданындағы ірілі-ұсақты 23 ауылдың бүгінде бесеуінде ғана интернет бар. Енді 18 елді мекенге 2027 жылға дейін қосылуы мүмкін.
Гүлназ Ахметова, облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы:
2024 жылдың соңына дейін 8 елді мекенге интернет желісі қосылдады. Қалған 10 елді мекенге 2027 жылдың соңына едйін қосуға қолжетімді интернет ұлттық жобасы аясында талшықты оптикалық байланыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Аудан болып қайта құрылған Марқакөлде қазір 7300-ден астам ғана адам тұрады. Шекараның шебіндегі ауылдарда ең негізгі телефон байланысы мен жол мәселесі шешілсе тұрғындар қалған тірлігін біртіндеп түлете бермек.
Олжас Керейхан