Микронесие алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту міндеттелуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Микронесие алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту міндеттелуі мүмкін

26.03.2024

Елімізде шағын несие беру тәртібі өзгеруі мүмкін. Микронесие алғысы келетіндерге биометриялық сәйкестендіруден өту ұсынылды. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген. Құжат 8 сәуірге дейін қоғам талқысына салынады.

Биометриялық сәйкестендіру жүйесі, ең алдымен, қаржы ұйымдарынан қарыз алу қызметінің қауіпсіздігін арттыру үшін енгізілмек. Бұл арқылы банктің атын жамылып хабарласатын түрлі интернет алаяқтардың жолын кесеміз дейді агенттік. Биометрия арқылы клиенттің ұялы байланыс нөмірі мен банк шоттары туралы деректі анықтауға болады. Егер жеке мәліметтер сәйкес келмесе, ақша аударылмайды.

Ербол Омарханов, микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының директоры:

Бұл құжат қарыз алушының жеке деректерін сақтау және жүйенің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталып отыр. Бұған дейін өзге адамның бейнесін пайдаланып, алаяқтардың қарыз алған жағдайлары болған. Мұндай кезде алданған адам ғана емес, қаржы ұйымдары да зардап шегеді. Қарызды қаржы ұйымдары өз мойнына алады. Енді осындай қылмыстар азаяды деп сенеміз.

Ал елімізде 18-20 жас аралығындағы жарты млн-ға жуық қазақстандықтың несиесі бар. Оның 47 мыңы бүгінде қарызын өтей алмай жүр. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, қаржы ұйымдары жастардың ресми табыс көзі болмаса да кредит рәсімдей берген. Қазақстандықтар қарыз тек төлем мүмкіндігі бар азаматтарға ғана берілуі тиіс деген пікірде.


Хабарламаларға жазылу