Астананың іргесіндегі ауылдарды су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың іргесіндегі ауылдарды су басу қаупі бар

26.03.2024

Астананың іргесіндегі Қараөткел ауылындағы үйлерді су басу қаупі бар. Арнамызға тұрғындар хабарласып, көмек сұрады. Расында да, қыс бойы түскен қалың қар еріп, кей үйлердің ауласын су басып жатыр. Мән-жайды тілшіміз көріп қайтты.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Қараөткел ауылындағы Әуезов көшесі. Тап осы жерде жол бар. Бірақ өздеріңіз көріп тұрсыздар, қар басқан. Міне, техниканың тісі түспегені көрініп тұр. Қыс бойы қар тазартылмаған. Сондықтан тұрғындар дабыл қағып жатыр. Себебі жылдағыдай мынау қар ерігеннен кейін үйлерді су басады дейді.

Кей үйлердің ауласын су басқан. Ал көшенің бойында таудай үйілген қар төніп тұрған қауіпті көрсетіп тұрғандай. Ал күн күрт ысып барады...

Раушан Балмағанбетова, ауыл тұрғыны:

Мына қар қайда кетеді енді. Ана жаққа асфалт салғанда, үйіп қойған, оны да шығарған жоқ, тау болып тұр. Былтырлары жазық далаға кететін. Биыл бұл су біздің үйге кетеді. Артымызда адам тұрмайды, онда да қар үйюлі.

Ауыл әкімі Талаптан Дауылтаевтың айтуынша, қыста қар рекордтық көрсеткіште түскен. 150 мың текше метр қар шығарылған. Әлі де жұмыс жалғасып жатыр. Сондықтан, тұрғындар түсіністік танытып, өз ауласындағы қарды тазартса екен, - дейді әкім. Оның үстіне тазалау жұмыстарын жүргізу үшін қаржы да жеткіліксіз екен.

Талаптан Дауылтаев, Целионград ауданы, Қараөткел ауылының әкімі:

Мына жерде қазір 38 мың халық бар деп отырмыз. 5 700 халық пропискада отыр. Сондықтан ақша 5700 халыққа ғана бөлініп отыр.

Бұдан бөлек, ауылдың қарын сыртқа шығарып, көшені тазалауы тиіс компанияға жаңа жылдан бері қаржы аударылмаған. Бірақ олар сонда да жұмыс істеп жатыр.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу