Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязды қабылдады.
«Мен жуырда Үрімжіге бардым. Жалпы, Қазақстанның Қытаймен, соның ішінде Шыңжаң провинциясымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларына байланысты маңызды келіссөздер жүргіздік. Біз Қытайдың экономикалық өсімін жіті бақылап отырмыз және бұл бағыттағы қарқынды дамуы мен қол жеткізген нәтижелеріне баса мән береміз. Қытай – экономикалық даму тұрғысынан әлемдегі басты елдердің бірі. Сондықтан біз сияқты көрші мемлекетке ынтымақтастықты ілгерілету тиімді әрі қажет. Қазақстанға келер болсақ, осы ықпалдастықты табысты дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің Шыңжаңмен сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген сала бойынша табысты қарым-қатынас орнатқанын және бұл өлке Қазақстанның ҚХР-мен сан қырлы байланысын нығайтуда стратегиялық рөл атқаратынрын айтты.
Кездесу соңында Эркин Тунияз қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.