Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз құтты болсын. Биыл ұлық мереке ел бойынша жаңа форматта, яғни қатарынан 10 аталып өтіп жатыр. Алматыда да ауқымды концерттер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қала іші нағыз той-думан. Тіпті алматылықтарды қастерлі мерекемен құттықтау үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арқа төсінен Алатау баурайына арнайы келді.
Наурыз – жыл басы, күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін уақыт, айтулы мереке. Сондықтан оңтүстік астана аспаны ән мен күйге бөленіп тұр. Қала көшелерімен «Наурыз-Думан» керуені жүріп, мерекелік көңіл күй сыйлап жүр. Мыңнан астам адам: батырлар, бүркітшілер, ақындар мен сал серілерден құралған көш концерт өтетін «Астана» алаңына келіп тоқтады.
Бұдан соң, «Наруыз- береке бастауы» атты концерт басталды. Мерекелік шараға мемлекет басшысы да қатысып, қазақстандықтарды Ұлыстың күнімен құттықтады. Айтуынша қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мереке айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан.
Жаңару мен жылулық мерекесі қазір жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен қайта түлеп жатыр. Биылдан бастап 10 күн аталып өтіледі. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елде ынтымақ күні.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін.
Ескіні есіркеп, жаңаны жарылқайтын халықпыз. Сондықтан мемлекет басшысы өткеннен сабақ алып, болашаққа деген сеніммен Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек.
Бұдан соң өнер адамдары әннен шашу шашты, би билеп, мерекенің көркін қыздырды. Көптің сүйікті әншісі Димаш Құдайберген де, талантымен тәнті етті.
Негізі наурызды 10 күн дүбірлетіп тойлау тыңнан түрен салу емес. Бұрыннан бар. Біз тек соны жаңғыртып жатырмыз дейді ақын, Нұрлан Оразалин. Айтуынша бұл ұлттық рухты асқақтата түсті.
НҰРЛАН ОРАЗАЛИН, АҚЫН, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
Он күнге созылатын осы мереке менің ойымша өте бір халықтың рухын көтеретін, өзінің бағына, дәулетіне қасиетті құндылықтарына оралатын және де санасына біз қайдан шықтық, қайда келе жатырмыз қайда барамыз дейтін үлкен іргелі сұрақтарға міне дәл осы сәтте жауап алады ау деп ойлаймын мен.
Иә, халықтың рухы мығым, мерейі үстем. Мұны жиналғандардан анық байқауға болады. Әжелеріміз кимешек, ерлер жағы оюлы шапан киіп, мәз мейрам. Барлығының тілегі бір – елдің амандығы.
ЕРТАС ОТАРБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Ақ мол болсын. Уайым қайғымыз жоқ болсын. Аспан ашық болсын. Дұшпан қашық болсын.
ЛИЗА КӘРІМҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазақстан халқына береке бірлік тілеймін. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын. Зілзаладан сақтап, аман есен халқымыз үнемі осындай бүгінгідей жақсы көңіл-күйде болсын деп тілек айтқым келеді.
АСТЕРХАН СӘРСЕНБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әсем Алматыда жауын жауып келе жатыр. Бірақ та көңіл күйіміз жайдары жаздай. Екіншіден өнер адамдары келіп бізді қуантып жатыр. Президентіміз келіп қуаныш сыйлап жатыр.
Көпшілік арасында ел мақтанышы, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де жүр. Қазақ шапанын киіп, құттықтауын жолдады.
ДМИТРИЙ БАЛАНДИН, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:
Құрметті достар Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын.
Жалпы мерекелік іс-шаралардың ауқымы кең. Бір жақта концерт өтіп жатса, екінші жақта ақшаңқан үйлер тігіліп, қыз-келіншектер ұршық үйіріп, сырмақ тігіп, киіз басып жатыр. Кішкентайлар қыш құмыра жасап, бүркітпен, құмай тазымен суретке түсіп мәз. Шеберлер қолөнер бұйымдарын жасап, жәрмеңкеге де шығарған. Міне осының бәрін көрсем, қазақтың мәдениетімен таныссам деп келген туристер де аң-таң.
ДЖАО ЛИ, ҚЫТАЙЛЫҚ ТУРИСТ:
Қазақстанға арнайы қыдырып келдім. Көрші елге сапарлауды баяғыдан ойлап жүргем. Наурызға тұспа-тұс келгеніне өте қуаныштымын. Өйткені көп нәрсені көріп, біліп жатырмын. Керемет. Тіпті елдеріңіз жайлы ойым мүлдем өзгерді.
Бұдан бөлек, Президент «Абай» алаңында өтіп жатқан халықаралық «Наурыз Фест» фестиваліне де барды. Бұл шығармашылық шара Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия сияқты Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. Шетелдік қонақтар өздерінің өнер туындыларын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырып, халық әндерін шырқады. Осы жер мемлекет басшысы тұрғындармен суретке түсіп, емен-жарқын әңгіме де құрды.
ДОСЖАН МАРАТҰЛЫ, ТІЛШІ:
Сапар барысында Мемлекет басшысы жаңа жылда іске асатын 4 ауқымды жоба жайлы да айтты. Биыл көптеген жылу орталығы мен инженерлік желілер жаңғыртылады. 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды. Әрі ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын жеткізді. Мамырда іске қосылатын бағдарлама бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады.
ДОСЖАН МАРАТҰЛЫ