Шетелдіктер наурыз көже дайындауды үйренді
Шетелдіктер наурыз көже дайындауды үйренді. Лондондағы Қазақ орталығының шеберлік сабағына қатысып, бай мәдениетімізбен танысты. Наурыз көжеден Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова да ауыз тиді.
Лондонда жұмыс бабымен уақытша тұрып жатқан отандастарымыз ұлттық тағамның құрамына не кіретінін айтып жатыр. Сербиялық аудармашы Даяна, австриялық кітапханашы Cтефани және Ливаннан келген Араб тілінің мұғалімі Нихал үшін бәрі таңсық, бәрі қызық.
Даяна Миланович, Сербия азаматы:
Бүгін өзім үшін жаңа тағам түрін ашып, ерекше әсер алдым. Наурыз көженің ішіне 7 түрлі дән қосылады екен.
Сыйлы қонақтардың құрметіне үлкен ас та тартылды. Жылқының етін жеп көрмеген шетелдіктер қазы-қартаның дәмін татты.
Нихал Хэйли, Ливан азаматы:
Жылқының еті өте дәмді екен. Бұдан былай жейтін боламын. Рақмет!
Шолпан Кесижи, қазақ орталығының өкілі:
Елімізді сағынып, өзіміздің тағамдарымызды пісіреміз. Ал бүгін сол шетелдіктерге бай дәстүрімізді көрсетіп, үлкен дастархан жайдық.
Қазақ орталығы ұлттық дәстүрлерімізді жергілікті халық арасында кеңінен насихаттап келеді, Алдағы уақытта қазақ тілін үйрететін курс ашуды жоспарлап отыр.
Марина Бекенова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы