Адам саудасына қарсы заңға өзгерістер енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам саудасына қарсы заңға өзгерістер енгізіледі

20.03.2024

Әлемде адам саудасы азаймай тұр. Жылына миллиондаған адам құлдыққа сатылады. Оның 70 пайызы әйелдер. Қара сауда Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Бүгін мәжіліс депутаттары адам саудасының алдын алып, қылмысты қысқарту үшін әзірленген арнайы заң жобасын қарады. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтсын.

Бүгінгі отырыс бұрынғылардан ерекше. Депутаттардың тең жартысы ұлттық нақыштағы киім киіп, әріптестерін ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Ал қараған мәселелері өте өзекті - Адам саудасы. Ғаламтор желісі дамыған сайын – арбауға түсетіндердің қатары да көбейіп келеді. Қара ниеттілер әлеуметтік желі арқылы жеңіл жұмыс, жалақысы жоғары деп жарнама жасайды. Кейін келіскендердің құжаттарын тартып алып, еңбек немесе жыныстық құлдыққа жегеді.

Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес Қазақстанда жыл сайын адам саудасы санатына 100 ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркеледі. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты адам саудасы артып, ол жасырын және трансұлттық сипат алып бара жатқанын бәріміз көріп отырмыз.

Ал, Қазақстанда көбіне «жеңгетайлар» притондар ұйымдастырып, қыз-келіншектердің жыныстық қызмет көретуін кәсіп қылып алған. Оларды әшкерелегенмен жабу оңай емес дейді депутаттар.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Сұрағымды қатты-қатты айтайын десем, наурыз кеп тұр. Наурызда енді қатты айтуға болмайды негізінде. Мына жезөкшелік притондардың үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деген позициямды әлі де ұстанып отырмын. Қанша полиция қызметкері жауапқа тартылды?

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Сұрағыңызға рахмет деп айтпайын. Орынды сұрақ бірақ. Өкінішке орай ондай фактілер бар. Ішкі істер министрлігінің саласында үлкен департамент бар. Өзіндік қауіпсіздік департаменті. Сол департамент осы жұмыстармен айналысады.

Депутаттар жиында қыз алып қашу мәселесін де қозғады.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Жақсы өркениетті елміз, Батыс мемлекеттеріне теңесеміз, - дейміз. Бірақ, мына қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда? Қазақстан қайда? Қызды алып қашу мәселесі адам ұрлығына да қатысы бар ғой. Қызды алып қашу мәселесінің статистикасы қандай?

Ішкі істер министрінің мәліметінше былтыр елімізде мұндай бірді-екілі ғана дерек тіркелген. Дегенмен. жәбірленуші тарап арыз жазса ауыр қылмыс санаты бойынша іс қозғалады. Жалпы, жаңа құжатта адам саудасына қатысты кез келген қылмысқа жаза қатаңдатылғалы отыр. Құжат бүгін бірінші оқылымда мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу