Қызылордада наурызнаманың ұлттық спорт күні қаланың сол жағалауынан үстел теннисі орталығының құрылысы басталды. Жоба құны 2,7 миллиард теңге. Келешекте заманауи кешенде 700 баланың ұтқыр спортпен кәсіби түрде шұғылдануына мүмкіндік туады.
Аймақ басшысы мен спорт ардагерлері теннис орталығының алғашқы іргетасын қалап, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінде облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 39 пайызға жетіп отыр. Соның ішінде жастардың үстел теннисіне қызығушылығы жоғары. Жалпы өңірде жаңа спорт нысандарының құрылысы жылдан жылға қарқын алып келеді.
Жанмұрат Сейілов, Облыстық дене шынықтыру және туризм басқармасының басшысы
Үстел теннисімен бүгінгі күні 13 мыңның үстінде астам азамат айналысып келеді. Биылғы жылы 4 спорт кешен жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек 6 елді мекенде спорт кешендерінің іргетасы қаланатын болады.
80 отбасы үйлі болды
Сондай-ақ, ұлыстың ұлы күніне орай үй кезегінде тұрған 80 отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл жолы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес жанұядан шыққан жандар мемлекет қолдауын сезініп, көптен күткен баспанасына қол жеткізді.
Әсел Махамбетова, қала тұрғыны:
Мен өз басым 14 жыл бойы кезекте тұрғанмын пәтерге. Наурыз айының ұлы мейрамында пәтер беріліп жатыр. Өте қатты қуаныштымыз. Наурыз мейрамы құтты болсын! Осындай игі істер әрі қарай жалғасын таба берсін.
Жалпы былтыр облыста 300 тұрғын үй бой көтеріп, 11 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Биыл да бұл бағытта бюджет есебінен қомақты қаржы қаралып отыр. Алдағы күндері «Сыр жастары» бағдарламасымен 60 жас жанұя үйлі болмақ.
Әділбек Серікұлы