Өзбекстанның Бұқара облысында оқушылар мінген автобус жүк көлігімен соқтығысып екі бала қаза тапты. Сондай ақ автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Тағы бірнеше жасөспірім түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Жоғары сынып оқушыларын театрға апара жатқан қоғамдық көлікте 27 бала болған.
Бас прокуратураның хабарлауынша бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сай, балаларды қоғамдық көлікпен тасымалдау бойынша тиісті ережелер сақталмаған. Ал қайғылы оқиғаға жол қиылысындағы бағдаршамның істен шығуы себеп болуы мүмкін. Қазір тиісті тергеп тексеру амалдары жүріп жатыр
«Бұхара облыстық прокуратурасы жүргізген тексеру барысында кейбір лауазымды тұлғалардың мектеп оқушыларын автобуспен тасымалдау мен алып жүруді ұйымдастыруда өрескел заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Осы жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 207-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды».
Базаркүл Отыншиева