Павлодар облысының солтүстігіндегі аудандарда қардың көбесі әлі сөгілген жоқ. Қыс ұзаратын болғандықтан шаруалар тебінді трактормен ашып, жылқыны аман алып шығу үшін жем жеткізіп, беріп жатыр. Аяз Қайратұлының шаруашылығы Железинка ауданында. Күн сайын алты тонна сұлы мен арпаны араластырып табындағы жылқыға апарамыз-дейді. Ертіс ауданында да әзірге қылтиған көк жоқ. Қар тізеден келеді. Құлындайтын биелерді сақтап қалу үшін жануарлардың күтімі күшейтілген.
Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан-қаңтар айларында аймақта жаңбыр жауып, қыстақтағы қар мұзға айналған болатын. Тебіндеу қиындағандықтан жылқы қораға қамалды. Мал шығынының алдын-алу үшін облыстық әкімшілік тарапынан шаруашылықтарға тауарлы несие ретінде бидай мен арпа жармасы үлестірілді. Оны шаруалар ешқандай өсімсіз күзгі орақтан соң астықпен немесе ақшалай қайтарады.
Болат Аманбаев