Президент алты мемлекеттің елшісінен Сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент алты мемлекеттің елшісінен Сенім грамотасын қабылдады

19.03.2024

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған алты мемлекеттің елшілерімен кездесті. Сербия, Австралия, Колумбия, Мысыр мен Сирия республикаларының сондай-ақ, Люксенбург Ұлы Герцоктігінің дипломаттары мемлекет басшысына сенім грамоталарын табыстады.

Бұл елдері үміт артып жіберген дипломаттардың Ақордаға алғаш кіруі. Оларға көрсетілген құрмет Президенттерге жасалатын сән-салтанаттан кем емес. Кілем жайылып, сап түзеген сарбаздар мен оркестр меймандарды қарсы алды. Кейін елшілер қазақтың рәміздеріне құрмет көрсетіп, рәсім өтетін залға қарай беттеді.

Мұнда Сербия, Австралия, Колумбия, Мысыр мен Сирия республикаларының сондай-ақ, Люксенбургтің дипломаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақынырақ танысып, сенім грамоталырын табыстады. Бұл елордаға уақытша қоныс аударған елшілердің дипломатиялық миссиялары ресми түрде басталды деген сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз барлық елмен, ең алдымен, көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, жақсы қарым-қатынас жасағымыз келеді. Бұл жолдың табысты болатынына сенімдімін. Біз әртүрлі бағытта, соның ішінде экономика, инвестиция салаларында және саяси диалог тұрғысында ықпалдастықты нығайту үшін қолдан келген шараның бәрін жасаймыз. Қазақстан сіздердің халықаралық аренадағы сенімді серіктестеріңіз болатынына сендіргім келеді.

Иә, алты елдің Қазақстан үшін өз орны бар. Енді алыс-беріс пен барыс-келісті жандандырып, қарым-қатынасты күшейту қажет. Бұл ретте елшілердің еңбегі ерекше.

Владимир Йовичич, Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Қазақстан Президентіне сенім грамотасын табыстауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер қол жеткізген үлкен жетістіктерге қарап, қуанамыз. Саяси-экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатындағы жұмыстарыныңыз өте жоғары деңгейде. Сіздермен достық қарым-қатынасты арттыруға мүдделіміз.

Томас Райзен, Люксембург ұлы Герцогтігінің елшісі:

Бүгінгі маңызды кездесуде Қазақстанда болғаныма өте қуаныштымын. Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім грамотасын табыстау да мен үшін үлкен мәртебе. Біздің басты мақсатымыз дипломатиялық, саяси байланысты нығайту. Екі жыл бұрын екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өткен едік. Сол күннен бастап Қазақстан мен Люксембург арасындағы достық байланыс тіпті нығая түсті.

Бұдан соң, Мемлекет басшысы елшілермен естелік суретке түсті. Әрі оларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тіледі.


Хабарламаларға жазылу