Өзбекстан Арал теңізінің түбін көгалдандыруды жалғастырып жатыр. Осы мақсатта биыл 10 гектар аумаққа 10 мыңға жуық сексеуіл көшеті отырғызылды. Мұнан бөлек, қамыс пен өзге де шөлге төзімді өсімдіктердің тұқымы егіліп жатыр. Бұл туралы экология министрлігі хабарлады. Мақсат – теңіз суының тартылып кетуінен туындаған экологиялық апаттың салдарын азайту.
Өзбекстанда Арал теңізінің түбін көгалдандыру бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама 2018 жылы басталған. Содан бері тиісті шаралар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары теңіздің құрғап қалған табанында жасыл алқаптар пайда болды.
Хамза Аминов, Экология және қоршаған ортаны қорғау ғзи директорының орынбасары, ғалым:
Cексеуіл көшеттері инновациялық тәсілмен, арнайы аппараттардың көмегімен егілді. Бұл көшеттер өсіп шыққанда Арал теңізінің кеуіп қалған табанынан көтерілген тұз бен шаңды тоқтатып, оның қоршаған ортаға тигізер қаупін азайтуға сеп болады.
Айта кетейік, бұл жұмысты Қазақстан да жүргізіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-25 жылдар аралығында Аралдың табанындағы 1 млн гектар аумаққа ағаш отырғызуды міндеттеген. Осыған сәйкес, былтыр Қызылорда облысында орман шаруашылығы мекемелерінің күшімен 100 гектар аумаққа сексеуіл көшеті отырғызылды.
Базаркүл Отыншиева