Басты Жаңалықтар Өзбекстанда газ бен электр қуатын ұрлау дерегі азаймай тұр

Өзбекстанда газ бен электр қуатын ұрлау дерегі азаймай тұр

Ташкентте жылыжай иелері нысанды жылыту үшін табиғи газды заңсыз пайдаланған. Салдарынан газ таратушы мекемеге 1 миллиард сумға жуық шығын келді. Жалпы, елде газ бен электр қуатын ұрлау дерегі азаймай тұр. Былтыр 2 156 дерек тіркелген.

Бұл туралы «УзЭнергоИнспекция» мекемесінің өкілдері хабарлады. Әсіресе, криптовалюта өндіретіндердің заңсыз әрекеті тиылар емес. Соңғы екі айда бұған қатысты 42 жағдай тіркелген. 8 млн киловатт-сағат энергия ұрланған. Салдарынан электр қуатымен жабдықтаушы компаниялар 26 миллиард сумнан астам шығынға батқан.

Ал былтыр тұтынушылардың энергиялық ресурстарды пайдалану ережесін бұзу фактілері бойынша 1 484 әкімшілік іс қозғалған. Мемлекетке келген шығын 215 миллиард сумнан асады.

Навруз Норбобоев, «Узэнергоинспекция» компаниясы ақпарат қызметінің басшысы:

Құқық қорғау органдарымен, электр және газбен жабдықтау кәсіпорындары мамандарымен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында тұтынушылардың жымысқы әрекеті әшкере болды. Былтыр 88 миллион текше метр табиғи газ мен 77 миллион киловатт-сағат электр энергиясы заңсыз пайдаланылған.

Базаркүл Отыншиева

Бөлісу