Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде шетелдіктерге салт-дәстүр таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде шетелдіктерге салт-дәстүр таныстырылды

16.03.2024

Қазақтың мәдени мұрасы Еуропада ұлықталды. Наурызнама мерекелік онкүндігі аясында еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері шетелдіктерге салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты таныстырды. ЕуроОдақ өкілдері, Брюссельде орналасқан шет мемлекеттер елшілерінің жұбайлары көрісу, тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

Брюссельдегі Қазақстан елшілігінің табалдырығын аттаған шетелдіктер киіз үйді, күбі мен бесікті көріп, аң-таң. Ұлттық бұйымдардың, көне тарихтың куәсі ғана емес, әлі күнге тұрмыста қолданылатынына, атадан қалған салт-дәстүрдің сақталғанына тәнті. Меймандар жаһандану заманында жұтылып кетпей, ұлттық құндылықты ұлықтаудың маңызды екенін айтады.

Элизабетта Сиггиа, Италияның Бельгиядағы елшісінің жұбайы:

Дәстүрлеріңіз қатты ұнады. Фольклорларыңыз ғажап. Ұлттық киімдеріңіздің көркі көздің жауын алады. Бүгін менің Қазақстан жайлы танымым кеңейді.

Гүлдана Жайлау, Қазақстанның Бельгиядағы елшісінің жұбайы:

Біздің басты мақсатымыз – тарихымызды, дәстүрлерімізді неғұрлым көп адам білсе екен әлемде. Неғұрлым кеңінен тараса екен деп осындай шараларды мүмкіндігінше өткізіп жүреміз.

Шетелдіктер «Тұсаукесер» тойының да куәсі болды. Былтыр Брюссельде дүниеге келіп, жақында бір жасқа толған кішкентай Айшаның тұсауын ЕуроОдақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі кесті.

Терхи Хакала, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

«Тұсау кесер» рәсіміне шақырғандарыңызға алғысым шексіз. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Бала жаңа кезеңге қадам басты. Баланың болашағы үшін маңызды салтты сақтағандарыңыз керемет. Осындай әдемі дәстүрдің куәсі болғаныма қуаныштымын.

Түрлі ұлт өкілдерінен құралған меймандар қазақтың күйлерін, Абайдың әндерін тыңдады. Арнайы жайылған мерекелік дастарханда бас қосып, бауырсақ, Наурыз көже мен еттен дәм татты. Қазақтың салты бойынша, тойға келген меймандарға кәдесый табысталды. «Орамал тон болмайды, жол болады». Әз-Наурыз қарсаңында шетелдіктер қазақтың осы бір мақалын үйреніп, үйлеріне тарқасты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу