Алматы әкімдігі «Барахолка» тас жолындағы кептелісті камера орнату арқылы шешпек. Яғни, наурыз айының соңына дейін бірнеше «Сергек» орнатылады. Қала әкімі Ерболат Досаев, Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде осындай тапсырма берді. Өз кезегінде, сөз алған тұрғындар, Солтүстік айналма жолын ретке келтіруді және жол бойындағы көлік тұрағына тыйым салуды сұраған. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл аумақтағы жол қозғалысы ережесін әсіресе такси жүргізушілері елемейді.
Ерболат Досаев, Қала әкімі:
Такси жүргізушілері жол бойына тоқтап, кептеліс туғызады. Биыл Алатау ауданында барлығы 37 «Сергек» камерасын орнатамыз. Соның бірін наурыз айының соңына дейін Солтүстік айналма жолына орнатуды тапсырамын. Ал, қала бойынша биыл 10 мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр.))
Солтүстік Айналма жол 10 жылдан бері қала тұрғындарының титығына тиіп келеді. Қала әкімдігі Барахолка маңына қоғамдық көлікке арналған жолақ салса да, мәселе шешілмей тұр. Тұрғындардың сөзінше, Кенжехан базарының тұсына да, автобустармен қатар, таксилер үшін тұрақ қарастыру қажет деген пікірде.
Қуан Нұрақын