Ұлттық құрылтайда 100-ден астам бастама көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрылтайда 100-ден астам бастама көтерілді

15.03.2024

Атырауда ұлттық құрылтай жұмысы кеше басталған еді. Негізгі жиынның қарсаңында секция отырыстары ұйымдастырылды. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысты. Пікірталас барысында 70-ке жуық құрылтай мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден астам бастама көтерілді. 

Келісіп пішкен тон келте болмас. Құрылтай осы тәмсілдің негізіне құрылғаны сөзсіз. Жиында ұлттық құндылық тақырыбы жиі сөз болды. Жоғары оқу орындарына қажет қазақ тіліндегі кітаптар саны аз. Себебі салаға қаржы бөлінбей, кенже қалып отыр. Елімізде 600 мыңнан аса студент бар. Ал, қазақша оқулықтарымен қамтылу деңгейі 39 пайыз ғана.

Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырамыз десек, осы оқулықтарға мән беруіміз керек. Сол себепті жоғары оқу орындарының оқулықтары бюджеттен қаржыландырылуы керек. Құрылтай мінберінде көтерілген мәселелердің айтылып қана қоймай, нақты іске асуы үшін де ауқымы жұмыс жүргізілмек.

Шекараның шебінде тұрған елді мекендерді дамыту жайы да сөз болды. Бұл ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды дейді депутат Мұрат Әбенов.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Бізде мысалы басқа елдермен шекаралас өңірлерде азаматтар көшіп кетіп жатыр немесе бала туу деңгейі аз. Ол жерде жер бос қалып жатыр, тіршілік істейтін адам да жоқ. Бірақ, оны мемлекет ұйымдастыру керек. Кезінде 10 жыл бұрын серпін бағдарламасын жақсы бастадық. Аяқ жағы дұрыс жалғаспады.

Әділетті Қазақстанды құруға әр азамат өз үлесін қосуы керек. Ол үшін міндетті түрде көпшіліктің құқықтық сауаттылығын көтеру керек дейді заңгер.

Серік Ақылбай, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Құқытық сауаттылықсыз заңның үстемдігін орнату мүмкін емес. Президент әрдайым айтатыны заңның үстемдігі. Заң диктатурасы. Тәртіп пен заң. Сондықтан өте керек нәрсе. Енді-енді жұмыс жасалып жатыр.

Ұсыныс-пікірлер мазмұны мен мән-маңызы жағынан өзекті.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары:

Мемлекет басшысының ерекше атап өткені еліміздегі заң мен тәртіп негізгі тірегіміз болуы керек. Яғни, ұлт болып заң шеңберінде жұмыс істейтін болсақ, өмірімізді сонымен байланыстыратын болсақ озық ойлы ұлтқа айналуымызға мүмкіндік кеңінен болады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, Құрылтай мүшесі:

Қазіргі кезде бірінші халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй салудың көлемін арттыруды тапсырып отыр. Бұл үлкен мәселе. Себебі қазір кезекте 647 мың адам тұр. Өңірлерде кездескенде халықтың ең бір қойған талабы.Сонымен қатар жаңадан тұрғын үй бағдарламасы енгізілетін болады.

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Иә, құрылтайда елдік мәселелер талқыға түсіп, ұлттық мүддеге қатысты маңызды дүниелер сөз болды. Сарапшылар бұл алаңның салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Мұнда мәселе айтылып қана қоймай, оны шешудің жолдары да қарастырылады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу