Алматыда таңғы 05:00-ге дейін қар жауып, қалың қардың салдарынан қалаға іргелес жатқан елдімекендерде жарық өшіп қалды.
Алдымен, құтқару қызметіне Талғар ауданының Шымбұлақ ауылында қосалқы станциядан өрт шықты деп хабар түскен. Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына келгеннен кейін трансформатордың өртсіз қысқа тұйықталуы орын алғаны анықтады. Артынша, облыстың әр жерінде жарық өше бастады.
Бас-аяғы 62 елдімекен электр қуатынсыз қалды. Таңғы сағат 07:00-де Талғар, Іле, Жамбыл, Қарасай, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарындағы 62 ауыл мен саяжайларға жарық қайта берілді. Мамандар жөндеу жұмыстарының әлі жалғасып жатқанын айтты.
7 республикалық маңызы бар жол жабылды
Қалың түскен қардың салдарынан 7 республикалық маңызы бар тас жол жабылды. «Қазавтожолдың» хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығынан көлік қозғалысы қиындап, апат жиілеген. Қазір жолды тазалауға 352 техника мен 400-ге жуық адам жұмылдырылды.
Әйгерім Ердәулет