Көрісу - бірлікті бекемдейтін ғұрып - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрісу - бірлікті бекемдейтін ғұрып

14.03.2024

Жайық жұртшылығы да шуақты мереке - Көрісу күнін жарқын көңіл күймен қарсы алды. Таң атысымен жастар үлкендерге көрісе барып, батасын алды. Ауыл-аймақта қыстан аман шыққан жұрт бір-бірімен табысып, төс қағысып, мал-жанның амандығын тілеп жатыр. "Көрісу – бірлікті бекемдейтін ғұрып" дейді батысқазақстандықтар.

Ардақ Мұратқызы тілші:

Бүгін - Көрісу күні, жүректегі ізгілікпен бөлісу, қауышу мерекесі. «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, құшақтасып, көрісіп, мауқын басып» деген рас. Оған дәлел, мінекей, облыстың барлық 12 ауданынан ағайын-жұрт келіп, ақшаңқан киіз үй тіккен. Киіз үйде наурыз көже мен бауырсақ, ұлттық тағам ұсынылып жатыр. Шаруалар мен қолөнершілер көрмеге өз өнімін қойып, ән-жыр төгіліп, келген жұртты қуанышқа бөледі.

Мақсот Өмірәлиев, Казталов ауданының тұрғыны:

Бүгін мынау күн де керемет, жарқырап тұр. Бүкіл халық мәре-сәре тойлап жатырмыз. Қыстан мал-жан аман шығып, осындай Ұлыстың ұлы күні халықпен емен-жарқын кездесу болып жатыр. Өте көңілдіміз.

Алаңдағы жұрт көңілді. Күмбір күй, әсем ән ойналып тұр. Бүгін басты алаңдағы "Атамекен" өнер ордасында республикалық "Жайық сазы" дәстүрлі өнер фестивалі өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әнші, жыршылар қатысуда. Бұл да мейрамға жалпыхалықтық сипат берудің бір нышаны.

Жыл басын қарсылау 22 наурызға дейін жалғасады. Қайырымдылық шаралары өтіп, ұлттық құндылықтар насихатталады. Ендеше, ізгі амал мен ілтипаттың, кешірім мен қайырымның мерекесі құтты болсын, ағайын!


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу