Атырауда Ұлттық құрылтай қарсаңында төрт бағытты қамтитын секциялық жиындар өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Ұлттық құрылтай қарсаңында төрт бағытты қамтитын секциялық жиындар өтті

14.03.2024

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті. Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталып, негізгі отырыстың бағдарламасына хатталады. Әрі алдағы кезеңде атқарылатын іс-шаралар жоспарына енгізілуі де мүмкін. «Хан ордалы Сарайшықтың» іргесіндегі жиында Ұлттық құрылтай мүшелері қандай ой-пікірлер ұсынды? Келесі сюжетте.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ұлттық құрылтай бұл жолы атақты хандар ордасын тіккен ежелгі Сарайшық қаласының маңындағы қазіргі Атырау шаһарында өтетіні былтырғы Президенттің қатысуымен болған құрылтай отырысында жарияланған. Ал оның ілкі секциялық отырыстары негізінен осы өңірде сақталып қалған Көрісу күнімен тұспа-тұс келді. «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму». Секциялық талқы осындай тақырыптарды арқау етті.

Руханият жайы талқыланғанда – алдымен әдебиет мәселесі қозғалуы заңды. Ал бұл жолы балалар әдебиеті ерекше назарға алынды. Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы Дихан Қамзабекұлы авторларға төленетін қаламақыны көтеріп, арнайы заң қабылдауды ұсынды.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры, ұлттық құрылтай мүшесі:

Балалар әдебиетінің авторларын табу өте қиын. Оларды ынталандыруға қаржы бөлініп жатыр. Бірақ бұл мәселеде болашақ авторларды дайындау қазіргі балалар басылымдары арқылы жүзеге асады. Ұлан, Балдырған, Ақжелкен, Дружные ребята секілді басылымдарға біз авторларды тартып, болашақ ақын-жазушыларды қалыптастыруымыз керек.

Әдебиет сияқты кино да идеологияның құралы. Ал идеологиялық мәндегі сапалы фильмдерді тек мемлекет есебінен түсіруге болады. Қаражат бөлу тәртібін реттеу үшін бұл сала да арнайы заңға мұқтаж. Әрі «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны дамыту орталығы бір-біріне тәуелді болмауы керек, - дейді киногер Азамат Сатыбалды.

Азамат Сатыбалды, «Қазақфильм» АҚ төрағасы, ұлттық құрылтай мүшесі:

Қазақ киносын мемлекеттік деңгейде жоғары деңгейге қосылу үшін арнайы заң керек. Өйткені қазіргі заң бізге қайшы. Сондықтан қазір қысқа уақыт ішінде барымызды салып, «Қазақфильмге», қазақ киносына ыңғайлы заңды жазсақ деп отырмыз.

Айтылған пікір құрылтай алаңында қалып қоймайды. Әр ұсынысты хатшылар қағазға түртіп отыр. Ол кейін Ұлттық құрылтайдың бағдарламасына енеді. Әрі алдағы уақытта министрліктер мен парламент деңгейіндегі талқыға арқау болады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, ұлттық құрылтай хатшысы:

Облыстан келген құрылтай мүшелері облыс жұртшылығының пікірлерін жинақтап, осы секцияда ұсыныстарын енгізді. Оның ішінде мәдениет саласының, ауылдағы мәдениет ошақтарын көбейту, ауылдарда өнер майталмандарының өнерін көрсету мәселесі ортаға салынды. Секцияда талқыланып, көтерілген мәселелердің барлығы осы Құрылтайдың протоколына енгізіледі.

Әлеуметтік даму мен аймақтардың теңдігі – тағы бір секцияның өзегі болды. Онда қоғамның қат-қабат қатпарының қалтарыс-бұлтарысы мейлінше талқыланды. Оның ішінде мүгедектігі бар балалардың жайы аса маңызды. Әсіресе, ауыл-аймақтағылар үшін мүмкіндігі шектеулі баланы оңалтатын орын жоқтың қасы.

Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Біз былтыр кәсіпкерлердің, халықтың қолдауымен 4 қабатты оңалту орталығын салдық, сол жерде 200-дей бала жұмыс істеп жатыр. Бірақ осы ауруға шалдыққан әртүрлі диагноздағы балалардың көптегене шешілмеген мәселелері бар, жұмыс тобында осының дұрыс шешілу тетіктерін ұсындым.

«Азаматтық қоғам» секциясында заң мен тәртіп үстемдігін орнату, қоғам бірлігі, адам құқығын қорғау сияқты мәселелер талқыланды. Ал «Білім және ғылым» секциясының жұмысы білім беру мен ғылымды дамыту жайына арналғаны түсінікті. Әйтсе де әр секциядағы мәселелер өзара тығыз байланысты екені де анық.

Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ұлттық құрылтай мүшесі:

Білім, мемлекеттік экономикалық, әлеуметтік саясат деген сияқты салалар бір-бірімен астасып жатыр. Мысалы, тілдің өзі де мәдениетке де, білімге де, әлеуметтік салаға да қатысы бар. Сондықтан қалай болғанда да құрылтай сияқты алаңның болғаны, ол алаңда түрлі сала өкілдері, түрлі әлеуметтік топтардың өңкілдері еркін, тартынбай ортаға салып, ойын қорытып, құрылтайға ұсыныс ретінде беру мүмкіндігі маңызды.

Ұлттық құрылтайдың бірінші жұмыс күні осындай 4 секциялық отырыспен тиянақталды. Ал ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен құрылтайтың негізгі отырысы өтеді.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу