Өзбекстанмен Қазақстан арасында барыс-келіс артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанмен Қазақстан арасында барыс-келіс артады

12.03.2024

Өзбекстанмен арадағы жүк тасымалы алдағы жазда 3 есеге артады. Екі ел шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті тамызда қайта ашылады. Нысан қазір күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал Жібек-Жолы» бекетін реконструкциялау 2025 жылға жоспарланған. Бұл туралы өткізу пункттерін жаңғырту бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның өкілдерінен жасақталған жұмыс тобының кездесуінде айтылды.

Қазақ өзбек шекарасындағы «Жібек-Жолы» - «Гишткуприк», «Қапланбек» - «Навои» сияқты ірі өткізу бекеттерін жөндеу туралы шешім екі ел президенттерінің тапсырмасымен қабылданды. Осыған сай арнайы жұмыс тобы құрылған. Реконструкциялау жобаларын қос тарап бірлесе атқарып жатыр. Негізінен жеке тұлғалар жүретін «Жібек-Жолы» пунктінен былтыр 9 млндай жолаушы өткен.

Бақытжан Слямов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

Реконструкциялау жұмыстарынан кейін бұл бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін ұлғаяды. Жаз айларында тәулігіне 50 мыңға жуық азаматты қабылдап жүр. Қазір жөндеу жүріп жатқан қазақстандық «Қапланбек» пен оның өзбек тарапындағы «Навои» өткізу пункттері биыл ашылады деп жоспарланған.

Бұл екі бекет іске қосылса, жүк тасымалының көлемі 3 есеге артады.Түркістан облысы аумағындағы «Қапланбек» өткізу бекеті негізінен тауар тасымалына арналған. Бұл жерден жеке тұлғалар да өтеді. Ал қазақстандық «Жібек-Жолы» бекетімен ұштасып жатқан «Гишткуприк» өткізу пунктінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау көзделіп отыр.

Фарход Алламжонов, Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің басқарма басшысы:

«Гишткуприк» бекетін реконструкциялау былтыр жазда басталған. Биыл тамызда аяқтау жоспарда бар. Кеден бекеті тәулігіне мыңдаған жолаушыдан бөлек 1 мыңдай жеңіл көлікті өткізуге қауқарлы. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң 3 мыңға жуық автокөлікті қабылдайтын болады. Мұнан бөлек бір мезетте 12 жеңіл көлік пен 9 автобусты тексерістен өткізе алады.

Жалпы, Қазақстан тарапы «Қапланбек»-тен бөлек «Қазығұрт», «Атамекен» сияқты кеден бекеттеріне жөндеу жүргізіп жатыр. Оның үшеуі де биыл қайта пайдалануға беріледі. Реконструкциялау жұмыстарының барысын екі елдің жауапты органдары үнемі қадағалап отыр

Хабарламаларға жазылу