Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтың жаңа дәуіріне қадам басады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында АПА ақпарат агенттігіне сұқбат беріп, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тоқталды. Президенттің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып, жүк тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаға жеткен. Каспий жағалауындағы теңіз порттарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның бірлескен кәсіпорны құрылғанын еске салды.
«Бір терезе» форматында қызмет көрсететін бұл компания - Оңтүстік Кавказ бен Түркия елдерінің Қазақстан, Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытаймен өңіраралық интеграцияны дамытуға жол ашатынын айтты. Сарапшылар да екі ел арасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын байланыс көп екенін айтады.
Әділ Каукенов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:
Қазақстан Әзербайжан үшін Орталық Азияға кіретін қақпа болса, біз Әзербайжан арқылы Оңтүстік Кавказға өтеміз. Бұл бағыттың өз ерекшеліктері көп. Қазір бұған Еуропа және Азия елдері тарапынан инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғандар көп. Себебі, бұл жаңа әрі қызықты жоба болары сөзсіз. Бауырлас екі ел экономикасы өз аймағында қарқынды дамып келеді.
Қуан Нұрақын