Тұманды Альбионда Қазақ орталығы ашылды. Ол бай мәдениетімізді, көркем тілімізді және ұлттық дәстүрлерімізді жергілікті халық арасында кеңінен насихаттауды және сол елдегі қазақтардың басын біріктіруді мақсат етеді.
Ұлыбританияда озық оқу орындарында оқып жатқан немесе жергілікті компанияларда уақытша жұмыс істейтін отандастарымыз көп. Орталық сол жырақта жүрген қазақтардың басын біріктіруді көздейді.
Исмаил Кесижи, Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының төрағасы:
Жалғыз Түркиядан келген қазақ диаспорасы емес, Қытайдан келген, Моңғолиядан, Қазақстаннан келген, әртүрлі мақсаттармен келгендер бар. Солардың басын құрап, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін, қазақ тарихын үгіттеп жатырмыз.
Шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығы зор. Олар қазақ тілін үйреніп, ұлтымыздың әдет-ғұрпымен етене танысуды қалайды.
Хан Арал, студент /Түркия/:
Қуаныш кезінде кәмпит шашатын дәстүрлеріңіз бар екен. Бұдан бөлек, ұлттық аспап домбыраның ғажап үнін естідім.
Шахим Джаффри, студент /Пәкістан/:
Қазақтардың қонақжайлығы ұнады. Жақын танымаса да дастарханға шақырып, құрмет көрсетіп жатыр.
Орталықтың ашылуы Уорик университетіндегі дәстүрлі қазақ жастарының балымен тұспа-тұс келді. Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде оқып жатқан студенттер ұлттық нақышта киініп келіп, қазақша ән салып, мың бұрала би биледі.
Марина Бекенова, тілші:
Тұманды Альбион тоқсан түрлі ұлттың мәдениеті тоғысқан ел. Қазақ орталығы жергілікті халық арасында билеріміз бен киімдерімізді трендке айналдыруды көздейді. Сондай-ақ қазақстандық дарынды жас музыканттарды шақырып, өнерлерін насихаттамақ.
Марина Бекенова