Инвесторлар шикізатты өңдеуге қаржы салуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвесторлар шикізатты өңдеуге қаржы салуы тиіс

09.03.2024

Еліміз шикізат өндіріп қана қоймай оны дайын өнімге айналдыру үшін инвестиция тартпақ. Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрі бастаған қазақстандық делегация Вашингтонға екі күндік арнайы сапармен барды. Делегация америкалық бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіп, маңызды минералдарды өндіруге қажетті жаңа технологияларды тарту жайын талқылады.

Жұмыс сапарының алғашқы күні Қазақстандық делегация АҚШ халықаралық қаржы корпорациясының бас атқарушы директорының орынбасары Ниша Бисвалмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту жайын талқылады. Әлем оның ішінде АҚШ та бар авиациялық өнеркәсіпке қажетті титанның 20%-ы Қазақстаннан алынады. Бериллий, тантал, ниобий мен рений секілді сирек металдардың де елеулі үлесі бізге тиесілі. Сондықтан АҚШ тарапы бұл саладағы әріптестікке мүдделі.

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

Бүгінгі күні АҚШ мемлекеті өзінің тізімі бар 50-ге жуық қажетті металдар, минералдар қажеттілігі тізімі бар. Соның бүгінгі күні Қазақстанда 17-сі шығарылып жатыр. Жалпы екі ел арасында үлкен қарым-қатынас бар осы металдар бойынша. Енді келгендегі мақсат – бұл жақтағы қарым-қатынасты ұлғайту.

Ал АҚШ сауда палатасында өткен Қазақстан-Америка іскерлік кеңесінің отырысында инвестиция мен технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сараланды. Қазақстан тек шикізат өндіруші ел санатында қалуға мүдделі емес екенін аңғарқан министр бизнес қауымдастықты қаржыны минералдар өндірісімен қатар өңдеу ісіне салуға шақырды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Біз қазір Америкаға Қазақстанның кәсіпорындарын алып келдік. Ірі тау-кен саласындағы америкалық компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олармен инвестиция Қазақстанға тарту үшін. Ең басты мәселе Америкаға қазір ол критикалық материалдар. Осы материалды олар бүкіл әлемнен іздеп жатыр және Қазақстанға қызығушылығы өте үлкен.

Ұлттық геологиялық қызмет акционерлік қоғамының басшысы инвесторларға ыңғайлы болуы үшін арнайы цифрлық платформа іске қосылғанына тоқталды. Сондай-ақ, қазақстандық тарап инвесторларды геология саласындағы серіктестікпен қатар жаңартылған энергия көздері, қоршаған ортаны қорғау жобаларына да назар аударуға үндеді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу