Түркістан театрының өнерпаздары француздарды тамсандырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан театрының өнерпаздары француздарды тамсандырды

07.03.2024

Түркістан музыкалық драма театрының өнерпаздары Франция жұртын тамсантты. Театр ұжымы Бельфор қаласының ұлттық театр сахнасында жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша «Қорқыт туралы аңыз» спектаклін қойды. Қойылым билеттері толықтай сатылып, залда ине шаншар жер болмады.

Пластикалық спектакльде Қорқыт пен жер бетін араздыққа айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. Әртістер қимыл-қозғалысы арқылы ақ пен қараның, мейірім мен зұлымдықтың арпалысын шебер сомдайды. Қойылымды сілтідей тынып тамашалаған француздар балет труппасының өнеріне, кәсіби шеберлігіне тәнті болды.

Элеонора Росси, Бельфор мемлекеттік театрының директоры:

Ғажап спектакль. Балеттің сапасы, көркемділігі көздің жауын алады. Қойылым көрерменнің ішкі жан дүниесін дүр сілкіндірді. Түркістан театрына, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігіне осындай жауһарды Белфорда көрсеткеніне алғысым шексіз.

Шынар Омарова, Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:

«Қорқыт туралы аңыз» спектаклі арқылы француздар қазақ өнеріне ғашық болды, Қазақстанға, Түркістанға ғашық болды, Қорқытқа ғашық болды. Бүгін қолдарына картаны алып, Қазақстанды, Түркістанды іздейтініне еш күмәніміз жоқ. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу