Атырау облысында 10 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 10 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру

07.03.2024

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Миялы селосы мен Жасқайрат, Жангелдин және Ойыл ауылдық округіндегі 10 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру. Өйткені күнделікті ішетін сулары сапасыз, кермек дәмі бар. Жаз айларында жағдай тіптен қиындайды. Тіршілік нәрі ауылдарға сағаттап беріледі. 

Миялы ауылының тұрғыны Есенбай Нұров әлі күнге құдықтан су тартып ішуге мәжбүр. Өйткені каранның суы ащы, ішуге келмейді. Тіршілік нәрі ауыл іргесіндегі «Қарасу» жер асты қорынан ұңғыма арқылы алынады. Бірақ соңғы кездері тұщы су көздері азайып кеткен.

Есенбай Нұров, Миялы ауылының тұрғыны:

Тұщы құдықтар азайып кетті. Өйткені жұрттың бәрі бұрынғыдай құдықтан су алуды қойды. Бәрі жаңағы крантқа көшті. Ал крандағы суымыздың жағдайы көңіл көншітпейді сапасы. Өтке тас байлану, бүйрекке тас байлану, буын аурулары пайда болып жатыр, тұз жиналған. Осылардың барлығын біз ішіп отырған суымыздан көреміз.

Қазір ауылдарға су беретін 11 ұңғыма бар. Оның 3-еуі ащы. Су аз болғандықтан оларды тұщы суға қосып күнелтуге тура келеді. Осыған орай биыл «Тайсойған» жерасты су қорынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын жаңа ауызсу құбырының құрылысы басталған.

Дулат Нығметов, Аудандық құрылыс, Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Тайсойған батыс аймағы 2016 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы су құбыры 6 мың жарым текше метр тәулігіне құрайды. Осы жоба толық аяқталғаннан кейін аталған екі ауылды ауыз сумен қамтуға толық мүмкіндік бар.

Тайсойған-Миялы ауызсу құбырының жобалық құны 4 млрд 263 млн теңгені құрайды. Бірақ, құрылыс материалдардың қымбаттауына байланысты былтыр жұмыс тоқтады. Енді жергілікті атқамінерлер жобаға түзетулер енгізіп, құрылысты аяқтауға тырысып жатыр.

Арман Хасанов, Мердігер мекеменің өкілі:

Бір айдың үстіне шықты. 10 шақырым үстінде қазып тастадық. Қазір көму жұмыстары жүріп жатыр. Бұйырса осы жылдың аяғында бітіріп шығамыз қазып.

Жоба аяқталса 10 мыңнан астам тұрғыны бар Миялы, Жангелдин селолары мен 2 ауылдың тұрғындары таза ауыз судың игілігін көрмек.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу