Жетісу облысында жер телімін бермей келгендер жазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жер телімін бермей келгендер жазаланды

05.03.2024

Жетісу облысында 3 жыл бойы инвесторларға жер телімін бермей келген лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, жергілікті атқарушы билік қолдан кедергі жасап, үш кәсіпкердің өңірге инвестиция әкелуіне мүмкіндік бермеген. Олар Ескелді ауданына мал бордақылау алаңын салып, асыл тұқымды мал санын көбейтумен айналысқысы келген. Алайда қағазбастылық, рұқсаттар алу және басқа да кедергілердің нәтижесінде үш жыл бойы кәсібін бастай алмаған.

Мирас Тоқтарбаев, шаруа қожалығының өкілі:

Осы жерді ала-алмай жүргенімізге үш жылдың көлемі болды. Аудандық прокуратураның көмегімен жерді осы жылы заңдастырып, қоршауын жасап, ішкі-сыртқы жұмыстарын осы жылдың аяғына дейін қосуға тырысамыз.

Өңір прокурорлары мұндай кемшіліктерді анықтау фронт офис жұмысының жемісі деп отыр. Мәселен былтыр Жетісу облысында жұмыс істеймін деген екі инвестор көптеген кедергілер салдарынан басқа өңірге кетіп қалды. Олар жалпы сомасы 6,4 млрд теңгеге кәсіпорын ашуды жоспарлаған болатын.

Қуаныш Нұрсаметов, облыстық прокуратураның басқарма бастығының орынбасары:

Біз инвесторлардың алдында тұрған бірқатар проблеманы анықтадық. Инвестициялық жобаларын ұзақ уақыт бойы іске асыра алмаған үш инвесторға көмек көрсетіп, қадағалау актілерін қарау нәтижесімен кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу