ТЖМ: Алматыда ахуал тұрақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТЖМ: Алматыда ахуал тұрақты

05.03.2024

Алматыда жер сілкінісі жайлы хабар беретін жаңа жүйе іске қосылмақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев бүгін Үкімет отырысында айтты. Ал премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. Олжас Бектеновтың айтуынша бұл жолы дабыл белгісі уақтылы іске қосылған. Десе де қамсыз отыруға болмайды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Негізі бұл мәселе бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде жоқ еді. Алайда жиын жер сілкінісін талқылаудан басталды. Шыңғыс Арыновтың айтуынша қазір Алматыда ахуал тұрақты.

Шыңғыс Арынов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Алматы қаласы бойынша барлық тіршілікті қамтамасыз ететін объектілер штаттық режимде жұмыс істеуде. Олжас Абайұлы, жер сілкінісін кез-келген төтенше жағдай сияқты алдын-ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты Министрлік олардың алдын алу және халықты бірінші кезектегі әрекеттерге дайындау бойынша жұмыс жүргізуде.

 Жер сілкінісі жайлы хабар беретін жаңа жүйе іске қосылмақ

Жер сілкінісін болжау мүмкін емес. Сондықтан оған тек дайын болу керек. Ал жауаптылар халықты дер кезінде құлақтандыруы тиіс. Сондықтан қала әкімі жер сілкінісі жайлы жедел хабар беретін жүйе орнатылып жатқанын жеткізді. Ерболат Досаевтың айтуынша құны жарты миллиард теңгедей болатын жүйе мамыр айының соңына дейін іске қосылмақ. Ал премьер-министр сейсмологиялық ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс.Халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қауіпіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек.

Досжан Маратұлы, тілші:

Премьердің айтуынша қазір жер сілкінісінен болған залал көлемі есептеліп жатыр. Бұдан бөлек үкіметте инвестиция тарту және қалаларды аббаттандыру мәселелері де қаралды.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу