Польшада ереуіл: Украиналық жүк көліктері бірнеше күннен бері шекарадан өте алмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Польшада ереуіл: Украиналық жүк көліктері бірнеше күннен бері шекарадан өте алмай тұр

05.03.2024

Польша фермерлерінің ереуілі толастар емес. Украинаның азық-түлік өнімін импорттауға тосқауыл қоюды талап еткен шаруалар осы елмен шекарадағы жолды қоршауға алып, жүк көліктерінің жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Салдарынан украиналық жүк көліктері бірнеше күннен бері Польша шекарасынан өте алмай тұр.

Польша-Украина шекарасындағы көлік кептелесі бірнеше шақырымға созылды. 2 мың жүк көлігі 15 күннен бері Украинаға өте алмай тұр. Поляк фермерлері «Корчевая-Краковец» кедендік бақылау бекетін қоршауға алған. ЕуроОдақ мемлекеттерінен жанар-жағармай, дәрі-дәрмек, автомобильге қажетті қосалқы бөлшек жеткізбек болған украиндық жүк көліктерінің жүргізушілері елдеріне жете алмай әлек.

Милослав Авраменко, жүк көлігінің жүргізушісі:

Тұрғаныма 12 тәулік болды. Солярка, су бітті. Енді тамақты қалай істейтінімді білмеймін. «Күш көрсетсеңдер, мүлдем өткізбейміз» деген соң, үндемей тұрмыз. Поляк фермерлері біз арқылы өз проблемаларын шешіп алмақшы.

9 ақпаннан бері ереуілдетіп жатқан поляк фермерлері жүк көліктеріндегі Украинаның бидайын, рапс тұқымын жол бойына төгіп, ысырап қылды. Шекарада шу шығарғандар ЕуроОдақ басшыларынан Украинаның азық-түлік өнімдеріне тосқауыл қоюды талап етуде.

Эльмаруш Киселевич, поляк фермері:

Әділ бәсеке болуы керек. Украинаның ауыл шаруашылығы өнімдері ЕуроОдақтың стандартына сәйкес келмейді. Соған қарамастан арзан өнімді сатып алып жатыр. Ал, біз пайдадан қағылдық, шығынға баттық. Әділетсіз бәсекеге наразымыз.

Украина агросаясат министрлігі шекараны қоршауға алу жалғасатын болса, елдегі шаруалардың шығыны айына 300 млн долларға жететін айтады. Жүк көліктеріндегі тауардың дер кезінде жеткізілмеуінен Украинада жанар-жағар май, дәрі-дәрмек, көліктің қосалқы бөлшектері қымбаттайды. Ал, Польша «Еуропаның транзиттік хабы» дәрежесінен айырылуы мүмкін, дейді сарапшылар. Себебі, украиндықтар өнімдерін қауіпсіз тасымалдайтын сенімді логистикалық маршрут іздеуге кіріскен.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу