Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға сапары

03.03.2024

Апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстанға – Өскеменге барған. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне де соғып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасын» аралап көрді.

«Лу Бань шеберханасыында» студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады.

Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамырда Сианьда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын.

Университет мақсаттарының бірі – «Лу Бань шеберханасы» базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау. Не дегенмен Қытайдың технологиялық дамуы әлемді таңғалдырып отыр. Бұл бойынша біз үшін өте маңызды екі нәрсе бар: бірі - үйрену мен меңгеру, ал екіншісі: транзит бойынша ынтымақтастықты арттыру.

Біздің елімізден Әзербайжан арқылы кететін тарнзиттің маңызы күннен күнге артып барады. Экономикалық жағы түсінікті. Дегенмен саяси жағы да бір мысқал кем емес. Ал Өскеменнен оралғасын Президент Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының инновациялық орталығына барып, Сиань қаласындағы екі елдің көлік-логистика терминалын телекөпір арқылы іске қосты.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. Қытай мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі. Ал жаңа терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа нарықтарға жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады. Осылайша контейнерлер тиелген алғашқы пойыз Сиань қаласынан, Алтынкөл станциясы арқылы Әзербайжанның Абшерон портына жол тартты.

Айтып отырмыз ғой, бұл рас, маңызды қадам. Импорт-экспорт әлеуетін арттырады, түсімді көбейтеді, инвесторлардың келуіне ықпалдасады.

Жүк тасымалы бағытын таңдау кезінде негізгі басымдық жылдамдыққа беріледі. Сондықтан Қазақстан арқылы өтетін пойыздарды бөгемеу үшін «Ақылды теміржол» жобасы іске қосылмақ. Ол үшін Хуавэй компаниясы арнайы бағдарлама әзірледі.

Сөйтіп «Пангу» деген жасанды интеллект жобасы Қазақстан Теміржолы Ұлттық компаниясына ресми табысталды. Ал вагондар мен жүктің техникалық жағдайын қазақстандық компания бақылап отырмақ. Сарыағаш станциясында тексеруден өткен жүйе енді Қазақстанның барлық аумағына енгізілмек.

Жақсы жобаға орай, сөздің түйіні: Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалы еліміздің экспорттаушыларына жаңа нарықтарға жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтады.


Хабарламаларға жазылу