Ұшақта жүрегі тоқтап қалған сәбиді құтқарған дәрігерге оралдық ана әлі күнге алғыс айтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақта жүрегі тоқтап қалған сәбиді құтқарған дәрігерге оралдық ана әлі күнге алғыс айтады

01.03.2024

Өмір тосын сәттер мен оқыс оқиғаларға толы. Осындай сәттерде қасындағы жандарды мейірім мен қамқорлыққа бөлеп, тіпті қауіп-қатерге қарамай олардың өміріне арашашы болған замандастармыздың ісі көпке үлгі. Тағдырдың тосын сынақтарында тосылып қалмай, алғыс арқалаған жандар туралы тілшіміздің бейнематериалында.

Оралда ұшақта жүрегі тоқтап қалған сәбиді құтқарған дәрігерге анасы әлі күнге алғыс айтады. 8 айлық шақалақ кезінде Алматыдан көкке көтерілген ұшақ ішінде Нұрдәулетке дем жетпей көгеріп сала бергенде ажалдан арашалап қалған неонатолог-дәрігер Гүлсім Жұмағалиева болатын. Жолаушылап шыққан кәсіби маман ұшақ ішінде баланың жағдайын жылдам бағамдап, алғашқы реанимациялық көмек көрсетеді. Демікпе дертімен диспансерлік есепте тұрғанымен, қазір Нұрдәулеттің жағдайы жақсы.

Айнаш Жалмұқанова, қала тұрғыны:

Дәрігер Гүлсім Минаховна болғанына мың да бір рахмет! Массаж жасап, кислород берді, укол салып, дәрі екті. Ұшақтан түскенше қасымызда болды. Ол кісіге алғысым шексіз. Балам екінші рет дүниеге келді деуге болады сол кісінің арқасында.

Ал мына апат осыдан бір ай бұрын Шымкентте болды. Аязды күнге байланысты мектеп пен балабақшаға бармаған бес бала ойнап отырып, үйге от қойып жібереді. Балалардың жанұшыра жылаған дауысы естіген көршілері оларды құтқаруға асыққан. Есікті ашқанымен қою түтінен әрі қарай кіре алмаған олар бүлдіршіндерді терезеден түсіп аман алып шығыпты.

Азамат Тұртаев, қала тұрғыны:

Жақсы көршілерім бар екен, батыр деп айтуға болады. Өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп бала-шағаны аман алып шыққан ғой сыртқа. Әйтпесе бір отбасы түгелімен кететін ек. Аман алып қалғанына әулетіміздің атынан алғыс айтамын.

Тәуекел - парасатты шешім мен батыл әрекеттің жемісі. Адам қай кезде де ізгі ісі мен жанашыр тірлігінің арқасында ардақты.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу