Елімізде алғаш рет пара үстел теннисінен халықаралық турнир өткізіліп жатыр. Бүгін рейтингілік жарыстың бірінші күні. Әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет те сайыс алаңында жүр.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Astana Para Open 2024 халықаралық квалификациялық турнирі бүгін басталды. Наурыздың 3-не дейін жалғасатын жарыста әлемнің 17 елінен келген пара спортшылар шеберлігін сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, азулы қарсыластардың бірі Ұлыбританиядан келген пара спортшылар.
Ромэйн Саймон, Ұлыбритания құрамасының ойыншысы:
Біздің жарыста физикалық тұрғыдан мықты деп баға бере алмаймыз. Моральдық тұрғыдан күшті болуың мен тактика жағынан дайындық маңызды. Бұл жарыстағы басты қарсыластарым Оңтүстік Корея мен Қытай спортшылары деп білемін.
Қазақстандық пара атлеттер қатарында да белді-белді ойыншылар көп. Өз елімізде өтіп жатқан жарысқа 11 өңірден 53 пара спортшы қатысып жатыр. Рейтингісі ең жоғары спортшылардың арасында астаналық Алтынай Ержанқызы да бар.
Алтынай Ержанқызы, Қазақстан құрамасының ойыншысы:
Мен Egypt Para Open-де үшінші орын алдым. Сосын Грецияда үшінші орын алдым. 2024 жылы Египетте екінші орын алдым. Басты қарсыластарым Австралиядан жақсы ойнайтын қыз және де Россиядан келді.
Халықаралық жарыстың Астанада өтіп жатқанының арқасында қазақстандық пара спортшылар рейтингілік ұпай жинап, шетелдік аренада бақ сынасуға мүмкіндік алады. Astana Para Open 2024 жеңімпаздары мен жүлдегерлері Париждегі Паралимпиада ойындарына жолдама алады.
Қаракөз Тұрмағанбет