Түркістан облысында мектеп күзетшілері жалақыларын ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мектеп күзетшілері жалақыларын ала алмай отыр

01.03.2024

Түркістан облысының Жетісай ауданында мектеп күзетшілері шу шығарды. Аудандағы 63 білім ошағын қарауылдайтын азаматтар екі айдан бері жалақы алмаған. Өткен жылдан бері күзет компаниясының қарамағына өткендер айлықтың азайып, күнкөрістің қиындап кеткенін айтады. Еңбек инспекциясына арызданайын десе, жұмыс берушілер тіпті ешқайсысымен еңбек келісімшартын да жасамапты. 

Екі жүзге тарта күзетші айлығын даулап әкімдіктің алдына жетінші рет жиналды. Бәрінің талабы біреу, заңды жалақымызды төлесін дейді. Айтуларынша, өткен жылдың қыркүйек айынан жекеменшік компанияның қарамағына өткелі бері жұмыс беруші ойына келгенін жасапты. Бастапқы жалақылары 70 мың теңгеге кеміп, еліміздегі ең төменгі айлыққа да жетпей қалған. Мектепті тәуліктеп күзететіндер қазір тіпті нан алуға ақшамыз қалмады деп налиды.

Пернебек Тәленов, күзетші:

Менің өзімнің 9 бала-шағам бар. Бәрінің бала-шағасы бар. Кредитіміз бар. Кредиттің кетті пенясы, шотымыз құлттанды. Далада қалдық бәріміз.
Адайбай Әбенов, күзетші:

Зейнетақы қоры сұрағанға, айқайласқанға түседі. Маған сөйтіп түсті. Медстраховка түссе түседі, түспесе қояды. Мұның бәрі еңбек договорында жасалуы керек. Ал бізге агентство ешқандай договор жасамаған.
Әр мектепке білім басқармасынан 550 мың теңге бөлінеді. Алайда қарауылдарға тек жетпіс мың айлық төленеді. Қалған қаражат қайда жұмсалады?

Бекжан Жақаев, күзетші:

Ернұр компаниясының президенті болады, басқасы болады, келмейді бізге. Аудан әкімінің замы екі рет айтты, келесі апта екі айлықтарыңызды қосып аласыздар деді. Аудандық білім бөлімінен айтты ойбай екі жетіде береміз деп, бермейді қазір.
Жалақысын даулаған жұртпен кездесуге күзет компаниясының басшылығы келмеді. Тек телефон арқылы тендердің өткенін күтіп жүргенін жеткізді. Ал білім саласының қызметкерлері болса мәселе қаражатқа тіреліп тұрғанын айтады.

Шоқан Адайбеков, Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы:

Күзет қызметі үшін ақша март, наурыз айына жоспарланған облыстық басқарма тарапынан. Қазіргі таңда біз сол ақшаны осы февраль айында алуға бюджеттік өтінім бергенбіз. Дәл қазіргі таңда білім бөлімінің есебінде күзет қызметі үшін төлеп беретін ақша жоқ.
Шыдамы таусылғандар жиналып аудандық прокуратураға ұжымдық арыз қалдырды.Қадағалау орган өкілдері енді күзет компаниясының бей берекетсіз әрекетін заңдық тұрғыда тексермек.

Нұрмахан Дүйсенбеков, Жетісай аудандық прокуратурасының прокуроры:

Бұл ұсыныс негізінде еңбек инспекциясына, бақылау басқармасына және Жетісай аудандық білім бөліміне ұсыныс енгізілетін болады. Аудан прокуратурасымен қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады.
Жекеге өтіп, тірлігіміз түзелмеді дегендер жауапты министрліктен мектеп қарауылдарын білім бөлімдеріне ауыстыруды сұрайды. Себебі он жыл бұрын да қарауылдарды жеке компанияға ауыстырғанда жалақыдан қысылып, күнкөріс қиындап кеткен.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу