Шетелдегі өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

01.03.2024

Қиын-қыстау кезде өзгені өгейсінбей, бауырына басқан қазақ халқына алғыс айтамыз, - дейді Ресейде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері. Қазір басқа елде тұрса да, Қазақстанға деген сағынышын білдіріп, қазақ халқына деген махаббатын жеткізді. Алғыс айту күні осылайша іргелес елде де атап өтілді.

Александр Чесновоктың әкесі тағдырдың жазуымен Қазақстанға аударылып, қалып қойған. Жат жерде жалғызсырамай, қазақ халқының жақсылығын көріпті. Қазір Александр Ресейдің Свердлов облысында тұрады, қазақ әндерін жазып жүр.

Александр Чесноков, композитор:

Ең алдымен кең пейілді, мейірбан қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Әкем кезінде өміріңнің соңына дейін біз жақсылық көрген қазақ халқын өзіңнің өлең-жырларыңа арқау ет, қазақ халқының жақсылығын паш етіп, айтып жүр деп кетті. Ашаршылық кезінде орыстарды өзектен теппеді, киіз үйлеріне кіргізіп, соңғы нанымен бөлісті. Сондықтан мен тек қазақ музыкасын жазбай, өзімді бәріне Алтынбай Сарымсақовпын деп таныстырамын. Мен орыс ұлтының өкілі болсам да, жаным қазақ.

Кезінде елімізде уақытша тұрған, немесе қонаққа барған өзге ұлт өкілдері Қазақстанға деген жылы лебіздерін білдіруде. Отызыншы жылдардағы зұлматтан өзі де ес жия алмай отырған қазақ халқы өзге ұлттың бәрін бауырына басып, барымен бөлісті.

Ирина Урусова, Свердлов облысының тұрғыны:

Жалпы мен қазақ халқынан көп жақсылық көрдім. Өзімді бөтен елде жүрмін деп сезінген емеспін. Қазақтар өздерінде аз болса да, соңғы нанын бөліп береді ғой. Сол жақсылықты ұмыту мүмкін емес, ұмыта алмаймын да. Барша қазақ халқына алғыс айтамын.

Гузель Закирова, Свердлов облысының тұрғыны:

Қазақстан бүгін біздің жылы лебізімізді қабылдасын. Береке-бірлік тілеймін. Осы мерекемен барша халықты құттықтаймын.

Қазақстанды тарихи Отаны деп санайтын өзге ұлт өкілдері татулық пен бірлікті жаңа деңгейге көтеретін мерекені осылайша атап өтті.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу