Қазақстандық жастарға шетелде сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық жастарға шетелде сұраныс жоғары

29.02.2024

Қазақстандық білімді жастарға бүгінде шетелде сұраныс жоғары. Ұл-қыздарымыз әлемнің түкпір-түкпіріндегі алпауыт компанияларда халықаралық жүйелер негізінде еңбек етіп жүр. БҰҰ мен Халықаралық қаржы ұйымынан шақырту алған жастарымызбен әріптесім Ақмаржан Ғафизқызы тілдесті.

Бұл Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымындағы қазақстандықтармен кездескен сәті. Аталған ұйымда бүгінде П3 дәрежесін, яғни Біріккен ұлттар жүйесінде 5 кәсіби деңгей болса, соның үшеуін 28 жасында алған алғашқы қазақстандық жұмыс істейді. Қарағандылық Хафис Атымтай климаттық қаржыландыру маманы. Ол 2 жыл Астанада еңбек етіп, 2020 жылы халықаралық ұйымға құжат тапсырып, 60 адамның ішінен іріктеліп, шақырту алған.

Хафиз Атымтай, БҰҰ халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының штаттық қызметкері, климаттық қаржыландыру бойынша сарапшы:

Біріншіден, біз жобалардың экономикалық қаржылық анализін жасаймыз. Біз ұсынып отырған көмек қаржылық жақтан, экономикалық жақтан тиімді ма, тиімсіз бе біріншіден сол жердегі біз көмектесіп отырған халыққа. Несиені төлеп шыға алады ма немесе жоқ па осындай сұрақтарға жауап береміз. БҰҰ Қазақстандықтар өте аз. Бұл Қазақстандық білімнің сапасын білдірмейді. Біз Қазақстандықтар қандай деңгейде жұмыс істей аламыз десек, әртүрлі деңгейде жұмыс істей аламыз, құзіреттілігіміз жетеді. Өйткені біздің елімізде ЖОО-ның білім деңгейі жаман емес, жақсы.

Жастарымыздың елде алған білімі біліктіліктеріне сеп. 25 жастағы Әлима Әлімбек солардың қатарында. Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетін бітіріп, 3 жыл елдегі түрлі инвестициялық компанияларда жинаған тәжірибесі оны ілгері жүруге ынталандырған. Қазір Әлима 30 елдің кіл мықты мамандары жұмыс істейтін Венгриядағы халықаралық банкте аналитик. Осыдан 1,5 жыл бұрын арнайы іріктеуден өтіп, бірден жұмысқа қабылданған.

Әлима Әлімбек, Халықаралық банктің қаржы мәселелері жөніндегі аға талдаушысы:

Қысқаша айтқанда, кіріс-шығыс есептерін жүргіземін. Талдау жасаймыз, мәселелер туындап жатса, соны шешуге тырысамыз. Өйткені, жаңағы отчеттардың барлығы Еуропа, Америка, Англияның және басқа да орталық банктеріне жіберіледі. Әрине, болашақта ондай жоспар бар. Неге Қазақстанға кішкентай болсын пайдамды тигізбеске. Бірақ алдымен сондай деңгейге жету үшін көп нәрсені үйрену керек, көбірек білім алу керек.

Халықаралық жүйеде жұмыс істеу күрделі, жауапты әрі өте маңызды. Дегенмен шетел асқан білімді жастарымыз түбінде елге оралуға ниетті. Лайықты ұсыныс болса, басым бөлігі жат жерде қалмайтындарын айтады.


Ақмаржан Ғафизқызы

жастар БҰҰ білім шетел Италия

Хабарламаларға жазылу