Кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктемелерді азайту көзделіп отыр. Сенат бизнес жүргізу мәселелеріне қатысты заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны екінші оқылымда Мәжіліске қайтарды. Депутаттар мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормаларды да кері қарады. Енгізілген өзгерістер өңдеуші кәсіпорындарды жеткілікті деңгейде және қолжетімді бағада отандық шикізатпен қамтуды көздейді.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына тиімді атаулы қолдау көрсетуді ұсына отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Басты міндет - бизнеске қатысты негізсіз кедергілерді жою.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
Палата депутаттары заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда мақұлдады. Осы түзетулер арқылы кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнестің және қоғамның мүдделерін ескере отырып, өзектендірілді. Жалпы қаралған заң елімізде кәсіпкерліктің одан әрі дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Трансшекаралық өзендерді пайдалану құжаты бекітілді
Сонымен қатар Палата отырысында трансшекаралық өзендерді халықаралық негізде пайдалану құжаты бекітілді. Заң нормалары, трансшекаралық суды пайдаланудың мемлекетаралық мәселелерін шешуде ортақ құқықтық алаң құруға мүмкіндік береді. Әрі халықаралық су ағынын пайдаланған кезде, басқа елдерге залал келтірмеу үшін, тиісті шаралар қабылдауға міндеттеледі.
Жандос Темірғали