Ақтөбеде 7 жасар вундеркинд қыз тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 7 жасар вундеркинд қыз тұрады

29.02.2024

Ақтөбелік бірінші сынып оқушысы Медина Амандықтың үстел тениисіне деген қабілеті талайды таңдай қақтырды. Оған қазірдің өзінде отандық және шетелдік спорт сарапашылар назар аудара бастаған.

Бір қарағанда бұл қыздың өзге балалардан айырмашылығы жоқ. Ол да уақытының көбін ойын алаңында өткізеді. Алайда үстел теннисі залына кіргенде өзгеріп сала береді. Шалт қимылы, ерекше әдіс-тәсілдері талайды таң қалдырып жүр. Теннис шарын қалаған жеріне дөп түсіріп, дегеніне оңай жетеді.

Медина Амандық, оқушы:

Жақында өткен жарыста мен барлығын ұтып алдым. Ұлдарды, қыздарды жеңдім. Мен  тренировканы қалдырмай барып жүремін.

Мединаның үстел теннисімен шұғылдана бастағанына екі жылға жуықтаған. Аз ғана уақыт ішінде ол бірнеше жарысқа қатысып, биіктен көрінді. Бұл сайыстарда Мединаға өзінен әлдеқайда үлкен балалармен ойнауға тура келген.

Мұхит Әбдіғалиев, жаттықтырушы:

7 жасар оқушымыз осы үстел теннисімен тұрақты айналысып, шеберлігін шыңдап жатыр. Өте жоғарғы деңгейде әдіс-тәсілді меңгеріп, даму үстіндеміз. Алдағы уақытта жарыстық додаларға қосқымыз келіп жатыр.

Жеті жасар спортшының қарым-қабілетін байқаған жаттықтырушылар оны үлкен жарыстарға дайындап жатыр. Биыл Ресей мен Германияға апарып, шеберлігін шыңдау жоспары бар. Жауапкершілік жүгін Мединаның өзі де сезінеді. Болашақта елдің атын әлемге танытатын спортшы болсам деген асқақ арманы бар.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу