Басты Жаңалықтар Ақмолада бес ауылдың 34 мың гектардан астам жері жекеге заңсыз өтіп кеткен

Ақмолада бес ауылдың 34 мың гектардан астам жері жекеге заңсыз өтіп кеткен

Ақмола облысында бес ауылдың халқына тиесілі 34 мың гектардан астам жер жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл жер телімдерін біріктіріп алған серіктестік оны тұрғындардың келісімінсіз банкке кепілдікке қойып, қарызын өтемеген. Салдарынан халыққа тиесілі жер үшінші тұлғаға сатылып кеткен. Толығырақ әріптесім Ұмсындық Наурызбаева тарқатады.

Жайылымынан айырылыған жұрт қазір төрт түлікке өріс таппай отыр. Ауыл іргесіндегі жердің бәрін бәз біреулер иемденіп алған. Мал кірсе, айыппұл салады. Пай үлестері де берілмейді.

Жұмабек Тілеулин, ауыл тұрғыны:

Ауылдың ішінде қара малға ие бола алмай жатыр. Шөп жоқ. Мал жаятын жер жоқ. Сол малға қарап отырмыз. Жұмыс дейтін жұмыс жоқ. Пенсионерміз. Білмеймін қалай күн көретінімізді. Бала -шаға бар. Жастардың ауылда тұрмайтыны сол.
Зеренді ауданына қарасты бес ауылдың мыңдаған тұрғыны қазір қайда барып, кімге шағымданарын да білмейді. Кезінде жерлерін бір шаруашылыққа біріктірген. Алайда, оның жылдар бойы банкте кепілдікте тұрғанынан мүлдем бейхабар болған. Себебі, рұқсат сұраған ешкім жоқ, - дейді олар.

Алпамыс Қожин, ауыл тұрғыны:

Бір адам қол қойып, менің жерімді банкке сал деп айтқан емес қой. Қолдың бәрі подделенный. Оның бәрін судья, адвокатымызбен жүріп , соның бәрін доказывали. Енді қайда баруға болады? Кімнен барып көмек сұрауға болады?
Тұрғындардың айтуынша, кезінде жерді банкке кепілдікке қою үшін жалған құжат жасалғаны сараптама арқылы дәлелденген. Мұндай әрекетке барған серіктестік басшылығымен байланысқа шығу мүмкін болмады. Ал жергілікті билік қазір жекенің қолында тұрған, бірақ пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды көздеп отыр.

Асхат Ахмедьянов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

Тұрғындар қарсы шығып, жыртылмай қалған жерлер бар. Біз соны мемлекеттік қорға қайтарғымыз келеді. Олар пайдаланылмай, жәй жатыр. Қазір сол жер телімдерін сатып алған серіктестікке хат жаздық. Егер олар келіссе, ауылдың шекарасын кеңейтеміз.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ашынған халық заңгер жалдап, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментке арызданған. Бірнеше құзырлы органдарға да хат жолдапты. Енді мәселе шешілмесе, жоғарғы сотқа дейін баруды көздеп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева

Бөлісу