Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды

28.02.2024

Әйеліне қол көтеріп, балаға озбырлық көрсеткендерге қатаң жаза қолданылады. Мәжіліс екінші оқылымда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңды қабылдады. Біреудің денсаулығына зиян келтірген адамға жаза күшейеді. Бұл істер әкімшілік іс қатарынан қылмыстық кодекске көшіріледі. Іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция әлеуметтік желідегі немесе ақпарат құралдарындағы дәлелді негізге ала отырып тергеуді бастай алады. Ал, кәмелет жасына толмаған балаларды зорлағандар, өлтіргендер өмір бойы түрмеге қамалады. Суицидті насихаттағандар мен өзіне қол салуға итермелегендер үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар бірқатар қосымша түзету енгізді

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттелд. 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтілді. 

Сонымен қатар тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандары отбасын қолдау орталықтарында уақытша тұрақтай алады. Сотталған немесе татуласуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылған адамдарға сот белгілеген арнайы талаптарды қолдану шаралары да нақтыланды. Аймақтардағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің қызметін реттеуге қатысты да өзгерістер енгізілді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады.


Хабарламаларға жазылу